Бүгін, Батыс Қазақстан облысы, «Кублей» жауапкершілігі шектелген серіктестігінің басшысы Берекешев Талғат Мәлікұлына салтанатты түрде Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» наградасын табыстау рәсімін өткіздім.
Берекешев Талғат Мәлікұлы 1992 жылы «Кублей» ЖШС негізін қалап, бүгінгі күнге дейін кәсіпорынды табысты басқарып келеді. Қазіргі таңда кәсіпорын, жаңа салқындатылған ет (жылқы, сиыр, қой еті) және кең ассортименттегі консерві өнімдерін өндіретін, толық тұйықталған циклі бар Қазақстандағы ең ірі ет өңдеуші кәсіпорындардың бірі. Мал қалдықтарынан ет-сүйек ұны мен мал майлары өндіріледі. Сондай-ақ ауысымына 600 тері өңдейтін италиялық желі іске қосылып, хромдалған WET-BLUE жартылай фабрикаты ЕО елдеріне (Италияға) экспортталуда.
Талғат Мәлікұлының іскерлігі мен табандылығының арқасында өндіріс ауқымы үнемі кеңейіп, бүгінде айтарлықтай жетістіктерге жетті: Өнім ассортименті 190-нан астам түрді құрайды. Қызметкерлер саны 700-ден асады.
Бұл Батыс Қазақстан облысындағы (БҚО) жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және өңір тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға зор үлес қосуда. Оның қарттар мен зейнеткерлерге, көмекке мұқтаж жандарға көрсеткен қайырымдылық көмегі өз алдына бір төбе. Осындай азаматтық ұстанымы мен адами қасиеттерінің арқасында ол халықтың шексіз сенімі мен құрметіне бөленіп отыр.
Осындай еңбек адамына марапатты өз қолымнан табыстау мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстан фермерлері қауымдастығы атынан Талғат Мәлікұлын жоғары марапатымен шын жүректен құттықтаймын! Ел игілігі жолындағы еңбегіңіз еселене берсін!
