Бүгін, Астанада өткен «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезекті XIV съезіне қатыстым. Съезд – еліміздің кәсіпкерлік қауымдастығы бас қосып, бизнестің өзекті мәселелерін талқылайтын, мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы диалогты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Жиында «Атамекен» палатасының 2025–2026 жылдардағы қызметінің қорытындылары, Президиум мен Тексеру комиссиясының құрамына қатысты мәселелер, сондай-ақ Палата Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралды.
Съезд барысында Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы ретінде сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерді толғандыратын бірқатар жүйелі мәселелерді көтердім. Ең алдымен, ауыл шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі, ауылдың әлеуметтік-экономикалық тірегі және ұлттық экономиканың стратегиялық саласы екенін атап өттім. Сондықтан фермерлердің мүддесін қорғау тек салалық мәселе емес, жалпы мемлекеттік маңызы бар міндет болуы тиіс.
Өз сөзімде фермерлер үшін аса маңызды төрт бағытқа тоқталдым:
Біріншісі – мемлекеттік қолдау жүйесі. Субсидиялау қағидаларының жиі өзгеруі, бөлінген қаражаттың уақытылы төленбеуі және өтінім беру рәсімдерінің күрделілігі шаруалардың жұмысын қиындатып отыр. Осыған байланысты субсидиялау жүйесін ұзақ мерзімді әрі тұрақты қағидаттарға көшіруді, мемлекеттік міндеттемелердің уақытылы орындалуын және қолдау тетіктерінің ашықтығын қамтамасыз етуді ұсындым.
Екіншісі – ауыл шаруашылығын қаржыландыру. Шағын және орта шаруашылықтар үшін қолжетімді несие мәселесі әлі де өзекті. Кепілзат талаптары мен жоғары қаржылық жүктеме өндірісті кеңейтуге кедергі келтіруде. Сондықтан ауыл шаруашылығының маусымдық ерекшеліктерін ескеретін, ұзақ мерзімді әрі қолжетімді қаржыландыру жүйесін қалыптастыру қажеттігін айттым.
Үшіншісі – ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және баға саясаты. Бүгінде фермер өнім өндіруге, өндірістік шығындарды көтеруге бар күшін жұмсағанымен, оны тұтынушыға тиімді бағамен жеткізу мәселесіне тап болады. Делдалдардың ықпалы, сақтау қоймалары мен логистикалық инфрақұрылымның жеткіліксіздігі шаруашылықтардың табыстылығына кері әсер етуде. Осы бағытта фермерден тұтынушыға дейінгі әділ әрі ашық нарықтық жүйе қалыптастыру қажеттігін көтердім.
Төртіншісі – кәсіпкерлікке түсетін әкімшілік қысымды азайту. Фермерлерге артық тексерулер мен күрделі бюрократиялық рәсімдер емес, өнім өндіруге қолайлы жағдай қажет. Цифрландыру шаруаларға қосымша міндет жүктемей, керісінше, олардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтерді жеңілдетуге бағытталуы тиіс.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысына алдағы үш жылда шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялағаны үшін алғысымды білдірдім.
Съезд мінберінен екі нақты институционалдық ұсыныс білдірдім.
Біріншіден, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасының ауыл шаруашылығы мәселелерімен ғана айналысатын дербес орынбасары лауазымын енгізу қажет деп есептеймін. Бұл аграрлық кәсіпкерлердің мүддесін жүйелі түрде қорғауға және салалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, ауыл шаруашылығына қатысты заңнамалық және нормативтік өзгерістерді әзірлеу мен қабылдау кезінде фермерлердің ұсыныстары мен нақты тәжірибесін ескеру, мемлекеттік қолдау, субсидиялау, несие беру және өнім өткізу мәселелерінде олардың құқықтарын қорғауды күшейту қажет.
Соңғы жылдары «Атамекен» палатасының жұмысында оң өзгерістер байқалатынын атап өтіп, кәсіпкерлердің мәселелерін тек мемлекеттік органдарға жеткізумен шектелмей, олардың нақты шешілуіне ықпал ететін пәрменді институт ретінде қалыптасуы маңызды екенін жеткіздім.
Біздің ұстанымымыз айқын: фермер мемлекеттен ерекше жағдай жасауды сұрамайды. Оған әділ бәсекелестік, тұрақты мемлекеттік қолдау, қолжетімді қаржы және өз еңбегімен табыс табуға мүмкіндік беретін экономикалық орта қажет.
Фермердің табысы төмендесе – ауыл экономикасы әлсірейді. Өндіріс қысқарса – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнеді. Сондықтан ауыл шаруашылығын қолдау – жекелеген кәсіпкерлер тобының ғана емес, бүкіл мемлекеттің стратегиялық мүддесі.
Қазақстан фермерлері қауымдастығы отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мүддесін қорғау, олардың ұсыныстарын мемлекеттік шешімдер қабылдау деңгейіне жеткізу және саланың өзекті мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.
Фермердің мүддесін қорғау – елдің мүддесін қорғау!
Осы мақсатта «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жүйелі жұмыс жүргізуге дайынбыз.

