Бүгін қоғам қайраткері, еңбек жолында отандық орман шаруашылығы мен экология саласын дамытуға зор үлес қосқан білікті басшы Жұматай Отарбайұлы Сүйіндіковпен мазмұнды іскерлік кездесу өткіздім. Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешен мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу салалары арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту мәселелері кеңінен талқыланды.
Жұматай Отарбайұлының басқарушылық тәжірибесі мен қоғамдық қызметі ел игілігіне бағытталған жобалармен тығыз байланысты. Кезінде елорданың «жасыл белдеуін» қалыптастырушы «Жасыл Аймақ» РМК-ны басқара отырып, ол табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экожүйені сақтау ісінде ауқымды жұмыстар атқарды. Бүгінде оның кәсіби тәжірибесі ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы аясында еңбек адамының мүддесін қорғауға бағытталып отыр.
Кездесу барысында шикізат өндіруші шаруа қожалықтары мен қайта өңдеу зауыттары арасындағы тұрақты байланысты жолға қою, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыру үшін салалық кәсіподақтармен бірлесіп жұмыс істеу жолдары пысықталды. Алдағы уақытта Қазақстан фермерлері қауымдастығы мен салалық кәсіподақ ұйымдары бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға уағдаласты.