Перейти к содержимому

АСТАНАДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНІҢ III РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

    2026 жылғы 20 қарашада Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III республикалық форумы өтті. Маңызды жиын еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылды.

    Форумға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың өкілдері, еліміздің барлық өңірінен келген фермерлер, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібінің өкілдері, инвесторлар мен сала ардагерлері, жалпы саны екі мыңға жуық делегат қатысты.

    Форумды ашқан Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешенде атқарылған жұмыстар мен саланың даму көрсеткіштері жөнінде баяндама жасап, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

    Келесі сөз сөйлеген Мемлекет басшысы, ауыл шаруашылығының ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызын атап өтті. Президенттің айтуынша, биыл қолайсыз ауа райына қарамастан, елімізде 24,5 миллион тонна ауыл шаруашылығы дақылдары жиналған. Қасым-Жомарт Тоқаев диқандар мен аграрлық салада еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғысын білдіріп, кәсіби мерекелерімен құттықтады.

    Өз сөзінде Президент агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың бірқатар басым бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламаларының санын көбейту емес, олардың тиімділігі мен нақты нәтижесіне басымдық беру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар аграрлық саланы ұзақ мерзімді әрі қолжетімді қаржыландыру, мал шаруашылығын дамыту, ветеринария жүйесін жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу, егін өнімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану мәселелеріне тоқталды.

    Мемлекет басшысы адал еңбек етіп, ауылдың дамуына, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қосып жүрген фермерлерді қолдау жалғасатынын атап өтті. Үкімет пен жауапты министрлікке форум барысында айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелерді назарға алуды тапсырды.

    Сондай-ақ бірқатар өңірдің және аграрлық кәсіпорындардың өкілдері сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Павлодар облысынан «Галицкое» ЖШС директоры Александр Касицын, «Рамадан» сүт фермасы» ЖШС директоры Жарас Қанапин, «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің президенті Александр Рудаков, Valmont Industries компаниясының вице-президенті Филипп Шмидт-Хольцман және Ұлытау облысынан Ulytau Meat және Ulytau Sheep әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Нұрсұлтан Жарылғапов баяндама жасады.

    Сөз сөйлеген қатысушылар мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған қолдау шаралары үшін Мемлекет басшысы мен Үкіметке алғыстарын білдірді.

    Жиын соңында ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі өтті.

    Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III республикалық форумы аграрлық саланың бүгінгі жетістіктерін саралап қана қоймай, алдағы кезеңдегі өзекті міндеттер мен даму бағыттарын айқындаған маңызды алаңға айналды.