Бүгін, яғни 17 мамырда, «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» Ұлытау облысы филиалы ұйымдастырған іс-шараға, ауыл шаруашылығы саласында қордаланған мәселелер мен олардың тарқатылу жолдары — Халықтар достығы мен мәдениет үйінде өткен алқалы жиында өзек болды.
Ұзақ жылдардан бері аталмыш салада түйіні шешілмей келе жатқан түйткілдерді, аймақ фермерлері бүкпесіз ортаға салып, облысқа арнайы ат басын бұрған мамандардың уәждерін тыңдады.
Қазақстан фермерлері қауымдастығының Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Бегенов, төрағалық еткен жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Атамекен кәсіпкерлер палатасы комитетінің төрағасы, Қазақстан фермерлер қауымдастығының Басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің аппарат басшысы Марат Оразаев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жумжаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Ысқақов қатысты.
Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Қайрат Мұтаевтың ақпараты тыңдалып, аймақ фермерлерінің мүддесіне бағытталған Қазақстан фермерлері қауымдастығының Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Бегеновтың ұсыныстары ортаға салынды.
Одан бөлек, жиынға арнайы ат арытып келген лауазымды тұлғалардың баяндамасы тыңдалды. Жиынға қатысушылар көкейінде жүрген сауалдарын ортаға салып, оның бір шамасы әр жылдары ауыл шаруашылығы саласына бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың салдарынан туындаған шикіліктер турасында өрбіді.
Төрт түлігін көбейтіп, тұрмысын түзетуді хош көрген фермерлер кезінде «Сыбаға» бағдарламасынан шапағат көреміз деп тәуекелге барып, сан соғып отыр. Одан бөлек, бірқатар фермерлер «Ұлар» несие серіктестігі арқылы өздерінің, жақындарының мүлкін кепілге қойып, несие алғандар қарызын жапса да, мүлкін кепілден шығара алмай жүргені аздай, мойындарына қомақты қарыздың ілінгелі тұрғанын айтып арызданды.
Салдарынан бірнеше жылдан бері қолға алған кәсібін дөңгелетудің орнына, соттың табалдырығын тоздырып жүрген жайлары бар. Бұл олқылықтың барлығы фермерлер арасында салалық, мемлекеттік бағдарламалардың турасында түсіндірме жұмыстарының аздығынан, елдің заңдық сауаттылығының кемшілігінен туындап отырған жайы бар.
Осы ретте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев әр түйткілді түйіннің соңында адами фактор тұрғанын қаперге салып, сала мамандарына мейлінше фермерлердің мәселелеріне оңынан шешуге мейлінше ат салысу қажеттігін алға тартты. Жиында аймақ фермерлері ауыл шаруашылығына қатысты өзге де мәселелерді қамтыды.