Мал шаруашылығы – Қазақстан үшін дәстүрлі және стратегиялық сала. Қазір ол агро-өнеркәсіптік кешеннің жалпы өнімінің шамамен 40%-ын береді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша өндіріс көлемінің өсу қарқыны (барлық түрдегі ет, сүт және тауық жұмыртқасы) 102 — 105%. Еттің — 59 %-ын, сүттің 80%-ын жұртшылық шаруашылықтар мен фермер қожалықтары өндіреді.
Ауыл шаруашылығы жануарлары санының жылдық өсімі 1,5–4% болғанымен, бұл біздің мүмкіндігімізге сай емес, одан да қарқынды дамытуға болады.
Қазақстандағы мал шаруашылығының даму тарихына көз жүгіртсек, 1991 жылға дейін мал басы өсіп, 1991–1998 жылдары күрт азайып кетті. Мал басының өсу кезеңінде мал сапасының артуы байқалып, асыл тұқымды мал үлесі жақсы көрсеткішке жетті. Мысалы, 1991 жылдары ірі қара саласында тұқымды мал 40%- құраса, 2025 жылғы 1 қаңтардағы Ауыл шаруашылығы министрінің дерегі бойынша асыл тұқымды ірі қара малдың жалпы басына шаққандағы үлесі 11,8%-ыз, қой шаруашылығында асыл тұқымды мал 50%-дан астамын құраса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 16,7 %-дан аспай отыр. 100 аналыққа шаққандағы төлдеу көрсеткіші 2010 жылғы 87%-дан 2025 жылы 63%-ға дейін, қозы алу 96%-дан 72%-ға дейін күрт төмендеді, бұл ірі қара және ұсақ мал санының өсу қарқынының төмендеуіне әкелді.
Сиыр және қой еті мен сүт өндірісінің көлемі өнімділік есебінен емес, мал санының артуына байланысты өсті.
Мал шаруашылығын қарқынды дамыту үшін не істеуіміз керек?
Ол үшін төмендегі мәселелерді қолға алу керек:
1. Мемлекеттік қолдау шараларына шағын және орта фермерлерге, жұртшылық шаруашылықтарға басымдық беру, ол үшін төмен 2,5% — дан аспайтын 10 жылға дейінгі ұзақ мерзімге қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруы тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтар мен орта және кіші буынды фермерлердің әлеуеті пайдаланылған жағдайда мал шаруашылығын дамыту аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді, азық-түлік қауіпсіздігін сақтап қана қоймай, экспорттың әлеуеті артады.
2. Малдың басын көбейту керек. Ол үшін асылдандыру жұмыстарын қолдан және асыл тұқымды бұқалармен ұрықтандырып, төлдеу көрсеткіші зоотехникалық нормативтерден кем болмаған жағдайда мал басы күрт көбейеді. Нәтижесі 2-3 жылда көрінеді. Асыл тұқымды мал өнімді болғандықтан, одан алынатын өнім мол. Өнімділігі мол малдан алынатын өнімнің құны да арзан және бәсекеге қабілетті. «Асыл Түлік» республикалық асыл тұқымды мал шаруашылығы орталығы» жергілікті жерге бейімделген және шетелдік жоғары өнімді асыл тұқымды материалдармен отандық тауар өндірушілерді қол жетімді бағамен сұраныстарын қамтамасыз етуге мүмкіншілігі бар.
3. Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған Кешенді жоспар аясында Береке, Игілік, Жайлау бағдарламасына отандық асыл тұқымды аналық мал басын (қазақтың ақбас, әулиекөл) сатып алуға баса назар аудару қажет. Себебі, қазақтың даласына әбден үйренген отандық сиырлардың басын көбейту – бірінші кезектегі міндет болып қалу керек.
4. Инвестсубсидиялау бағдарламасына инвесторлар шығындарының 50% — ын өтей отырып, отбасылық фермалар құрылысын енгізу. Қуаттылығы 50 бастан басталатын тауарлы-сүт фермаларын және бордақылау алаңдарын субсидиялау қажет.
5. Республика бойынша мал азығы дақылдары алқабын ұлғайтып, барлық санаттағы жануарларды азықпен (шөп, сүрлем, пішендеме, құрама жем) қамтамасыз ету және кеткен шығынның мемлекет бюджетінен субсидиялау қажет.
6. Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту керек. Ол үшін құдық қазу (күн панелі, вагон) жұмыстарына кеткен шығынның 80% субсидиялау қажет.
Жоғарыда айтылған ұсыныстар Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жүзеге асырылса мал шаруашылығын дамытуда нақты нәтижелер берері сөзсіз және бабаларымыздың негізгі кәсібі мал шаруашылығын өркендету еліміздегі шаруа-фермерлердің тіршілік тынысын кеңейтудің бірден-бір дара жолы.