Елімізде қой өсіру саласы өзінің өнімімен тұрғындардың сұранысын толық қамтамасыз етуге қабілеті мол және экспорттық әлеуеті зор ең перспективалы бағыттардың бірі болып табылады.
Қой өсіру – қазақ халқының ежелгі ата кәсібі. Сан ғасырлар бойы қазақтың басты байлығы, төрт түлік малдың ішіндегі қойдың жөні бөлек болған. «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген аталы сөз де сол кезден қалған. Қой шаруашылығының дамуы соңғы жылдары айтарлықтай емес. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2026 жылдың 1 қаңтарына шаруашылықтардың барлық санаттарында қой саны 18,9 млн басты құрады. Кезінде қой малының табыс көзі екенін зерттеген Кеңес үкіметі Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткіземіз деп жоспар қабылдады. 1990 жылы қой саны 37 млн. болды. Қой санының кемігенін осыдан-ақ, бағамдай беріңіз. Бұл жерде елімізде қойдың жүні мен терісі өтпегендіктен босқа рәсуа болып, далаға тасталып келгендіктен қой санының төмендеуіне де белгілі бір мөлшерде әсерін тигізгенін ешкім жоққа шығара қоймас.
Бір кезде малдың өзі де, еті мен терісі, жүні, сүті де түгел кәдеге асырылатын. Қазір қойдың жүні керексіз болып қалды. Қойдың жүні қотанда шіріп, немесе өртеліп, далаға лақтырылып жатыр. Бұл өтірік емес. Сонда қой жүні қажетсіз болғаны ма?
Кеңес одағының 1990 жылы 100-105 мың тонна жүн өндіріліпті. Оның 60 пайыздан астамы сапалы, бағасы қымбат биязы жүн болып, әлемнің 12 еліне экспортталған көрінеді. Ал, қазір ше? 2025 жылдың қорытындысы бойынша 35,3 мың тонна қой жүні өндіріліп, оның 8,4 мың тоннасы ғана өңделген. 5,0 мың тоннасы экспортталды. Жүннің жалпы көлемінен өңдеу үлесі бар болғаны 23,7% — ды құрайды. Өндірілетін барлық шикізаттың шамамен 70 пайызы Қазақстанда сұранысқа ие емес қылшықты және жартылай қылшықты жүн.
Қазіргі таңда Республикадағы жүн өңдейтін 9 кәсіпорынның жүктілігі 29 пайыздан аспай отыр. Шаруалар үшін қойдың жүні маңыздылығын жоғалтқан. Жүннің бағасы тиын тұрады. Жүн өңдейтін кәсіпорындар өздерінің қажеттілігіне қарай шаруашылықтардан жүннің бір килограммын сапасына қарай бар болғаны 60-200 теңгеден қабылдайды. Мұндай бағамен жүн тапсыру шаруаға тиімсіз. Тіпті, қойдың қырқыны шығын.Қой қырқу науқаны кезінде шаруа жұмыскерді жалдау үшін қойдың бір басына шамамен 500-1000 теңге жұмсайды. Қазақта «Ала қойды бөле қырықсаң, жүнге жарымайсың» деген сөз бар. Біз қалай қырықсақ та жүнге жарығанымызбен, жарата алмай отырмыз.
Қойды тек еті үшін ұстап жүргендейміз. Шаруашылықтың бұл түрін дамытуға құзыретті органдар да мүдделі емес секілді.
Бұл мәселені шешу үшін қойдың жүнінен тоқыма өнеркәсібінен бөлек, жүнді терең қайта өңдеуді құрылыс материалдарын алу бағытына көшіп инвестициялық жобаларды іске қосу қажеттігі туындайды.
Сонымен қатар, жаңа шағын және орташа қуатты өндірістердің ашылуын, жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту әрі жаңғыртуды ынталандыру мақсатында инвестициялық салымдарды өтеу үлесін ұлғайтып, өндірістік қуаттардың ең төменгі деңгейі бойынша талаптарды төмендету керек.
Қой өсіретін шаруашылықтардан және жеке қосалқы шаруашылықтардан жүн сатып алудың орталықтандырылған жүйесін ұйымдастыру мақсатында әрбір өңірде жүнді қабылдайтын сервистік дайындаушы пункттерін құру маңызды.
Бұл мәселелермен тікелей Ауыл шаруашылығы министрлігімен қатар жергілікті атқарушы органдар айналысуы қажет.
Жүнді тереңірек өңдемей, қой шаруашылығын жолға қою қиын.
