Перейти к содержимому

2024 жылғы 26 наурызда Қазақстан фермерлері қауымдастығы мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесі делегациясының кездесуі өтті

    2024 жылғы 26 наурызда «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының орталық кеңсесінде Қазақстан фермерлері қауымдастығы мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесі делегациясының кездесуі өтті.

    Кездесуге Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты – Қазақстан фермерлері қауымдастығының Басқарма Төрағасы Жигули Дайрабаев, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов, Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасының орынбасарлары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен бір топ фермерлер қатысты.

    Қытай делегациясының құрамында ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесінің отызға жуық компанияларының өкілдері болды.

    Кездесуді аша отырып Жигули Дайрабаев Қазақстан фермерлері қауымдастығының атқарған жұмыстары, алға қойған міндеттері және жалпы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы әлеуеті мен екі ел арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы қысқаша баяндама жасады.

    Қытай делегациясының басшысы Цзяо Шуньцзе делегация құрамымен таныстырып өтіп, біздің елге жасалған іссапардың мақсаттары және ауыл шаруашылығы саласындағы байланыстарды нығайтып, одан әрі дамыту туралы сөз қозғады.

    Ерболат Ибрайханов су шаруашылығы мәселелері бойынша әсіресе суармалы жерлерде су үнемдеу технологиясын пайдалану, су қоймаларын салу және бірлескен жол картасын құру туралы сөз қозғады.

    Содан соң кездесу өзара сұрақ-жауаппен және пікірталаспен жалғасты.

    Қытай тарапынан суармалы егіншілік, тамшылатып суару, мақта, жүгері дақылдарының тұқым шаруашылығы бойынша қазақстандық фермерлермен бірлесіп жұмыс істеу туралы ұсыныстар түсті.

    Өз кезегінде Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, «Сабынды» ШҚ басшысы Болат Бекежанов өз жерлерінде қытайлық әріптестермен бірлесіп жүгеріні суармалы түрде өсіру бойынша эксперимент жасауға әзірлігін білдірді.

    Кездесуді қорытындылай келе Жигули Дайрабаев аталмыш кездесудің құр бос әңгіме болып қалмауын, келешекте бірлесіп, ынтымақтастықта өзара тиімді жұмыс істеу қажеттігін алға тартып, Қауымдастық тарапынан делегация құрамындағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесінің кәсіпкерлеріне қол ұшын беруге әрдайым дайын екендігін білдірді.

    Кездесу соңында екі тараптан жауапты тұлғалар белгіленіп, өзара байланыс деректерімен алмасып, жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.