Перейти к содержимому

    А.ж. 12 қарашада Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы М.Қ. Тұрлыбаевтың төрағалығымен 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының қорытындыларын таныстыруға және жасанды интеллекті қолдану арқылы жаңартылған TALDAU ақпараттық-талдамалық жүйені көрсетуге арналған отырысы өтті.

    Санақты өткізудің мақсаты – аграрлық сектордың дамуына болжам жасау және ауыл шаруашылығы саласының қазіргі шынайы жағдайы туралы толыққанды ақпарат алу.

    Отырысқа қатысқан Қазақстан фермерлері қауымдастығының Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Е. Абуов Қазақстан Фермерлерінің Қауымдастығы Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп Ауыл шаруашылығы санағын жүргізу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылғанын, оның ішінде кездесулер, фермерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізгендігін жеткізді. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы ауыл шаруашылығының жай-күйін объективті әрі тұтас бағалауға және осы салада мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін сенімді деректер көзін алуға мүмкіндік береді. Өңірлерді дамыту бойынша өзекті мәселелердің шешімін табуға негіз болатын маңызды науқан. Сондықтан тек нақты деректер ғана тиімді мемлекеттік аграрлық саясатты қалыптастыруға жол ашатыны туралы айтты.

    Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша екінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (БҰҰ ФАО) қолдауымен 2025 жылғы 1 тамыз — 20 қазан аралығында өтті. Ол шамамен 20 жыл ішінде осындай көлемдегі ауыл шаруашылығы саласына жүргізілген алғашқы зерттеу болды және 2006-2007 жылдардағы алдыңғы санақ кезіндегі өзгерістерді бағалауға мүмкіндік берді.

    Санақ бүкіл ел бойынша 290 мыңға жуық ауыл шаруашылығы құралымдарын және 1,7 миллион жеке қосалқы шаруашылықтарды қамтыды. Ауыл шаруашылығы құралымдары мен жеке қосалқы шаруашылықтарды қамту 97%-ды құрады.

    2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының қорытындыларымен мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://agro-census.stat.gov.kz/.