Бүгін, Мемлекет басшысының жарлығымен «Құрмет орденімен» наградталған, Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданындағы «Астык-SТЕМ» жауапкершілігі шектелген серіктестігінің бас агрономы Хамидуллин Талғат Сұңғатұлына салтанатты түрде табыстау рәсімін өткіздім.
Талғат Сұңғатұлы ауыл шаруашылығы саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген білікті агроном, еңбек өтілі 35 жылдан асады.
Талғат Сұңғатұлы – өз ісіне адал, еңбекқор және жоғары білікті маман. Ұзақ жылдар бойы агроном ретінде өңірдегі егін шаруашылығының өркендеуіне, өнімділікті арттыруға және озық технологияларды енгізуге сіңірген еңбегі орасан. Ол ұжым арасында үлкен беделге ие және әріптестері үшін шынайы кәсібиліктің үлгісі болып табылады. Ол туған ауылын көркейтуге, абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысып, жергілікті мектепке тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Қарттар мен зейнеткерлерге, көмекке мұқтаж жандарға көрсеткен қайырымдылық көмегі өз алдына бір төбе. Осындай азаматтық ұстанымы мен адами қасиеттерінің арқасында ол ауылдастарының шексіз сенімі мен құрметіне бөленіп отыр.
Осындай еңбек адамына марапатты өз қолымнан табыстау мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстан фермерлері қауымдастығы атынан Талғат Сұңғатұлын лайықты марапатымен шын жүректен құттықтаймын! Ел игілігі жолындағы еңбегіңіз еселене берсін!
