Перейти к содержимому

ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫНДА ФЕРМЕРЛЕРДІ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

    2026 жылғы 5 қарашада Ақмола облысының Қорғалжын ауылында аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен 2027 жылғы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына дайындық мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

    Жиынға Қазақстан фермерлері қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Ермек Абуов, аудан әкімінің орынбасары Ақылбек Егимбаев, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, қаржы институттары мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты салалық құрылымдардың өкілдері қатысты.

    Кездесу барысында астық өсірумен айналысатын фермерлік шаруашылықтарды несиелендіру, мемлекеттік субсидиялау, қаржылық қолдау көрсету, қалыптасқан кредиттік берешектерді реттеу және 2027 жылғы көктемгі дала жұмыстарына қажетті қаржыландыру мәселелері кеңінен талқыланды.

    Биыл Қорғалжын ауданындағы егін шаруашылығы үшін маусым күрделі жағдайда өтті. Қалыптасқан құрғақшылық салдарынан дәнді дақылдардың түсімі төмендеп, бірқатар шаруашылықтардың егістік алқаптарына киіктердің келуі де фермерлерге қосымша шығын әкелді. Осыған байланысты шаруалар қаржылық міндеттемелерін орындау және келесі егіс науқанына дайындалу мәселелеріне алаңдаушылық білдірді.

    Фермерлердің сұрақтарына Ауыл шаруашылығы министрлігінің және оған қарасты құрылымдардың өкілдері жауап берді. Атап айтқанда:

    * Хасым Латыпұлы Иткусов – Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары;

    * Нариман Неруханұлы Ілиясов – АӨК қаржылық қолдау департаменті директорының орынбасары;

    * Әлия Ерболатқызы Мұрзағалиева – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары;

    * Еркебұлан Ерланұлы Жұмжаев – «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары;

    * Диас Есенұлы Мырзағалиев – «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу жөніндегі директоры.

    Талқылау барысында шаруалардың қаржылық жүктемесін жеңілдету, қолданыстағы берешектерді реттеу, жеңілдетілген несие беру тетіктерін жетілдіру және алдағы егіс науқанын уақытылы қаржыландыру жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды.

    Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша көтерілген проблемалық мәселелерді жүйелеп, оларды шешу жөнінде аудандық ауыл шаруашылық басқармасы нақты ұсынымдар әзірлеп, тиісті қаржы ұйымдары мен жауапты мемлекеттік органдарға жолдау туралы шешім қабылданды.

    Өз кезегінде сөз алған Ермек Әбуов, фермерлер қауымдастығы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүдделерін қорғау, олардың өзекті мәселелерін жауапты мемлекеттік органдар мен қаржы институттары деңгейінде көтеру және шешу бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын айтты.