Перейти к содержимому

Еліміздегі 2019-2026 жылдардағы ауыл шаруашылығының дамуына шолу

    Қазақстан шексіз даласы, құнарлы жерлері және бай табиғи ресурстары бар аграрлық держава болып табылады. Ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады.

    Осы орайда, ауыл шаруашылығының маманы, Қазақстан фермерлері қауымдастығының Басқарма төрағасы ретінде еліміздегі соңғы жылдардағы саланың дамуының оң нәтижелерін баса айтып, атап өткім келеді.

    Халық шаруашылығының ішіндегі ең күрделі сала – бұл ауыл шаруашылығы, халықтың азық-түлік қауіпсіздігі бірінші кезекте туруы тиіс деп ойлаймын.

    Әдетте біз әлеуметтік желілерде тек кемшіліктерімізді тізбелейміз, қол жеткен жетістіктерімізді аз айтамыз.

    Расында, саладағы шешілмей жатқан мәселелер жоқ емес, дегенмен де бұл жерде оң нәтижелерге тоқтала кеткенді жөн көрдім.

    Бұл ретте Мемлекет басшысының жетекшілігімен еліміз соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығында айтарлықтай биіктер мен жетістіктерге қол жеткізгенін атап өту қажет.

    Осы кезеңде Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені тұрақты өсуді көрсетіп отыр: ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі ұлғаюда, қайта өңдеу дамуда, экспорт кеңеюде, инвестициялар мен еңбек өнімділігі өсуде.

    2019-2026 жылдары ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,9 есе – 5,2 трлн. теңгеден 9,8 трлн. теңгеге дейін ұлғайды. Агросектордың негізгі бағыттары бойынша – өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығынан бастап тамақ өнеркәсібі мен сыртқы саудаға дейін оң динамика байқалады.

    Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында Үкімет қаржыландыру мен мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, өндірістік қуаттарды жаңғырту және заманауи агротехнологияларды енгізу жөнінде кешенді шаралар қабылдауда.

    Көктемгі дала және егін орағы жұмыстарын жүргізуге бөлінетін қаражат көлемі шамамен 19 есеге – 40 млрд. теңгеден 750 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды.

    Осы кезеңдегі ең көрнекті динамика өсімдік шаруашылығында байқалды. Жалпы өнім көлемі 2,1 еседен астамға – 2,8 трлн. теңгеден 5,9 трлн. теңгеге дейін өсті. Мал шаруашылығында бұл көрсеткіш 1,7 есеге – 2,3 трлн. теңгеден 3,8 трлн. теңгеге дейін өсті.

    Сонымен қатар қайта өңдеу саласы да нығаюда. Азық-түлік өндірісі 2,4 есеге – 1,7 трлн. теңгеден 4 трлн. теңгеге дейін, сусындар – 2,5 есеге, 398 млрд. теңгеден 1 трлн. теңгеге дейін өсті. Қайта өңдеуді дамыту отандық шикізаттың қосылған құнын арттыруға, өнім ассортиментін кеңейтуге және ел ішінде қосымша өндірістік тізбектер құруға мүмкіндік береді.

    Президенттің тікелей қолдауымен Қазақстанның сыртқы нарықтардағы ұстанымы да нығайып келеді.

    Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2,1 есеге – 3,3 млрд. АҚШ долларынан 7 млрд. АҚШ долларына дейін өсті. Экспорттық әлеуетті одан әрі кеңейту өнім сапасын арттырумен, қайта өңдеу қуаттарын дамытумен және жаңа өткізу нарықтарына шығумен байланысты.

    Саланы дамытудың маңызды нәтижесі ретінде 2019-2026 жылдары еңбек өнімділігінің 2,5 есеге артуын атап өтуге болады, жұмыспен қамтылғандардың табысы 2,5 млн. теңгеден 6,2 млн. теңгеге дейін ұлғайды. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 2,8 есеге – 115,4 мың теңгеден 320,8 мың теңгеге дейін өсті. Аптап ыстықта, қақаған аязда еңбектеніп жүрген қарапайым еңбек адамдарының адал еңбегін жоғары құрметтеп, Мемлекет басшысы да жылда ауыл еңбеккерлерін жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттауда.

    Осы кезеңде ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңару деңгейі 2 есеге – 4%-дан 8%-ға дейін, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар 2,4 есеге – 495 млрд. теңгеден 1,2 трлн. теңгеге дейін ұлғайды. Ендігі басты міндет – салынған қаражаттың қайтарымын арттыру, шаруашылықтарды техникалық қайта жарақтандыруды жеделдету, озық технологияларды енгізу және жер мен су ресурстарын ұтымды пайдалану.

    Мал шаруашылығында да оң өзгерістер байқалады.

    2019-2026 жылдары ірі қара мал басы 10,8%-ға – 7,4 млн. бастан 8,2 млн. басқа дейін, қой мен ешкі – 7,8%-ға, 19,2 млн. бастан 20,7 млн. басқа дейін, құс – 9,1%-ға, 45 млн. бастан 49,1 млн. басқа дейін өсті.

    Едәуір өсім жылқы шаруашылығында тіркеліп отыр: жылқы саны 58,6%-ға – 2,9 млн. бастан 4,6 млн. басқа дейін өсті. Ұсынылған деректерге сәйкес, Қазақстан жылқы саны бойынша әлемнің бес елінің қатарына кіреді.

    2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ірі қара мал басы 9 млн., қой мен ешкі – 23,3 млн., құс – 47,8 млн., жылқы – 4,9 млн., түйе – 310,9 мың басқа жетті.

    2026 жылғы қаңтар-тамызда тірі салмақта 1,2 млн. тонна ет, 2,7 млн. тонна сүт және 3,2 млрд. дана жұмыртқа өндірілді.

    Мал шаруашылығын одан әрі дамыту мал басының өнімділігін арттыруды, селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты жетілдіруді, жемшөп базасын нығайтуды және өңдеу қуаттарын кеңейтуді көздеуі тиіс. Тауар өнімінің көлемін ұлғайту, оның сапасы мен фермерлер үшін экономикалық қайтарымын арттыру басымдық болып қала беруі керек.

    Ауыл шаруашылығының дамуы ағымдағы жылы да жалғасуда.

    2026 жылғы қаңтар-тамыздың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 5,2%-ға ұлғайып, 4,4 трлн. теңгені құрады. Мал шаруашылығы өнімінің көлемі 4,1%-ға – 2,8 трлн. теңгеге дейін өсті, өсімдік шаруашылығы өнімінің нақты көлемінің индексі 107,3% құрады.

    Өз кезегінде, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 105,9%-ға жетті, оның ішінде өсімдік шаруашылығында көрсеткіш 107,5%, мал шаруашылығында – 103,2% құрады.

    Қол жеткізілген нәтижелер саланы одан әрі дамыту негіздерін қалыптастырады. Сонымен қатар, өндірістің тұрақты өсуі құрылымдық шектеулерді жою, шаруашылықтардың тиімділігін арттыру және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін нығайту бойынша жүйелі жұмысты талап етеді.

    Негізгі басымдықтардың бірі мемлекеттік қолдауды жетілдіру болып қала береді. Қаржы құралдары мен субсидиялау өнімділіктің өсуін, заманауи технологияларды енгізуді және бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз ете отырып, бәсекеге қабілетті өнім шығаруды ұлғайтуды ынталандыруы тиіс.

    Фермерледің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту де маңызды міндет болып табылады. Қолжетімді несие ресурстары маусымдық жұмыстарды жүргізу, техника сатып алу, кәсіпорындарды жаңғырту және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажет. Бұл ретте қаржылық қолдау шаруашылықтардың тиімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын арттырумен қатар жүруі тиіс.

    Өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға ерекше назар аудару керек. Нарықтық сұранысты, топырақ-климаттық жағдайларды және су ресурстарымен қамтамасыз етуді ескере отырып, егіс алқаптарының құрылымын оңтайландыру сұранысқа ие дақылдар өндірісін кеңейтуге, мал шаруашылығының жемшөп базасын нығайтуға және шаруашылықтардың рентабельділігін арттыруға мүмкіндік береді.

    Агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуда аграрлық ғылым маңызды рөл атқарады. Ғылыми ұйымдардың өндіріспен өзара іс-қимылын нығайту, селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту, асылдандыру жұмысын жетілдіру және ғылыми әзірлемелерді жедел енгізу саланың тиімділігін арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер тудырады. Суды үнемдеу технологиялары, өндірістік процестерді цифрландыру және автоматтандыру ерекше маңызға ие.

    Сонымен қатар, қайта өңдеуді дамыту мен экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуді жалғастыру қажет. Қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту, қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту және жаңа өткізу нарықтарын игеру отандық өндірушілердің позициясын нығайтуға және агроөнеркәсіп кешенінің ел экономикасына қосқан үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

    Осылайша, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту өндіріс көлемінің өсуімен ғана емес, саладағы сапалы өзгерістермен де – өнімділікті арттырумен, технологиялық жаңартумен, қайта өңдеуді тереңдетумен және ресурстарды тиімді пайдаланумен айқындалатын болады. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге, экспортты ұлғайтуға және ел ішінде қосымша құн жасауға қабілетті ауыл шаруашылығының тұрақты және бәсекеге қабілетті моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.