Заманауи техника, жаңа өңдеу кәсіпорындары, роботтандырылған фермалар және шетелдік нарықтарға шығу. Осының барлығы – дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің жетістіктері.
Әсіресе кейінгі жылдары өндіріс көлемі ұлғайып, инвестиция көлемі артты, экспорт ауқымы өсті. Ендігі міндет – әр гектар жердің, әрбір техника бірлігінің және салаға салынған әр теңгенің қайтарымын арттыру. Ауыл шаруашылығында болып жатқан өзгерістер және саланы одан әрі жаңғырту жолында атқарылып жатқан жұмыс туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек САПАРОВПЕН әңгімелестік.
– Айдарбек Сейпелұлы, кейінгі жылдары агроөнеркәсіптік кешенде өндіріс көлемі айтарлықтай өсті. Бұл өсім қаншалықты тұрақты және оған қандай жағдай ықпал етіп отыр?
– Кейінгі жылдары өндіріс көлемі айтарлықтай қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, 2019–2025 жылдары ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,2 трлн теңгеден 9,8 трлн теңгеге дейін артты. 2025 жылы нақты көлем индексі 105,9%-ды құрады. Ал биылғы жылдың қорытындысында саланың өндіріс көлемін 6%-ға ұлғайту жоспарланып отыр.
Осы ретте әсіресе, өсімдік және мал шаруашылығындағы табысымызды айрықша атап өткім келеді. Мәселен, биылғы тоғыз айда өсімдік шаруашылығы өнімдерінің көлемі – 7,6%-ға, ал мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 3,5%-ға артты. Тамақ өнеркәсібі де қарқынды дамып, аталған кезеңде азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 13,8%-ға өсті.
Бұл – айтарлықтай жетістік. Дегенмен, ең бастысы шаруашылықтардың өнімділігін арттыру, өнімді қайта өңдеуді дамыту, шығындарды азайту, өнімді тұрақты өткізуді қамтамасыз ету. Саланың өсуі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табысы мен өңірлер экономикасына қаншалықты әсер ететіні дәл осы факторларға байланысты.

Агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту бірнеше бағытты қатар қамтиды. Олардың қатарында қолжетімді қаржыландыру, техниканы жаңарту, аграрлық ғылымды дамыту, заманауи технологияларды енгізу, жаңа өндіріс орындарын ашу мәселелерін атап өту керек. Біздің міндетіміз – ауыл шаруашылығының тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
– Алдымен өсімдік шаруашылығына тоқталсақ. Кейінгі жылдары елімізде астықтан мол өнім жиналып жатыр. Табысты өнімнің сыры неде?
– Бұл – уақыт талабымен сәйкес келген ауқымды жұмыстың нәтижесі. Атап айтқанда, агротехнологиялық талаптарды сақтау, тұқым қорын жаңарту, тыңайтқыштарды қолдану және егіс алқаптарының құрылымын оңтайландыру.
2023 жылы дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 10,3 центнерді құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 17 центнерге жетті. Сонымен қатар агротехнологиялық талаптарды сақтап, сапалы тұқым пайдаланатын шаруашылықтарда жекелеген дақылдардың өнімділігі айтарлықтай жоғары болды.
Еліміз үшінші жыл қатарынан дәнді дақылдардан рекордтық өнім жинады. Облыс әкімдіктерінің мәліметтеріне сүйенсек, биыл 24 млн тонна астық жинаймыз. Алдыңғы екі жылды есепке алмағанда, бұл – кейінгі 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мұндай табысқа жетуге қолайлы ауа райымен қатар, саланың тиімділігін арттыру жолындағы жүйелі іс-қимыл ықпал етіп отыр.
Тағы бір маңызды бағыт – тұқым шаруашылығы. Элиталық тұқымдардың үлесі 2022 жылғы 7,1%-дан 2026 жылы 12%-ға дейін өсті. Былтыр отандық өндірушілер жоғары репродукциялы 435 мың тонна тұқым өндірді. Бұл – 2021 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өнімділігі жоғары 182 жаңа сұрып ұсынылды. Оның ішінде отандық селекцияға жататындары да бар. Бүгінде дәнді дақылдар егілетін алқаптардың 60%-ында отандық тұқым пайдаланылады. 2028 жылға қарай 80%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мұның экономикалық тұрғыдан да маңызы зор. Сапалы тұқым өнімділікті арттырып, дақылдардың төзімділігін күшейтеді. Ал отандық селекцияны дамыту сырттан жеткізілетін тұқымға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды фактор – минералдық тыңайтқыштарды қолдану. Оларды пайдалану ауқымы біртіндеп кеңейіп келеді. Дегенмен, бұл бағытта әлі де айтарлықтай әлеует бар. Сонымен қатар тыңайтқыштарды, тұқымдарды, басқа да өндірістік ресурстарды топырақтың жай-күйіне, өңірдің ерекшеліктеріне және нақты дақылдың қажеттіліктеріне қарай тиімді пайдалану қажет. Биыл минералдық тыңайтқыштарды қолданудың рекордтық деңгейі тіркелді: 2,1 млн тонна, 2023 жылдың көрсеткішінен 3,5 есе көп.
– Елімізде қалыптасқан егіс құрылымы неге өзгеріп жатыр?
– Бұл жерде негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының бірі саналатын бидай егуден бас тарту туралы сөз жоқ. Басты мақсат – егіс құрылымын оңтайландырып, экономикалық тұрғыдан тиімді ету.
Ұзақ уақыт бойы өсімдік шаруашылығы негізінен дәнді дақылдарға бағдарланып келді. Бүгінде нарықта сұранысқа ие әрі жер мен су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін дақылдардың егіс алқаптарын кеңейтіп жатырмыз.
Кейінгі жеті жылда майлы дақылдар егілетін алқап көлемі 2,9 млн гектардан 5,2 млн гектарға, ал бұршақ дақылдарының алқабы 218,9 мың гектардан 770,8 мың гектарға дейін ұлғайды. Биыл майлы дақылдардың тұқымын жинау көлемі 5 млн тоннадан асып жығылды, бұл – барлық өткен жылдардың ең тәуір көрсеткіші. Бұршақ дақылдары тауарлық өнім ретінде ғана емес, ауыспалы егіс жүйесінде де маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар олар топырақтың құнарлылығын жақсартуға ықпал етеді.
Сонымен бірге су ресурстарының қолжетімділігін де ескеру қажет. Мәселен, күріш алқаптары 2019 жылмен салыстырғанда 22,2%-ға қысқарды. Ал мақта өсіруде тамшылатып суару технологиясын қолдану көлемі кейінгі екі жылда 3 мың гектардан 80 мың гектарға дейін ұлғайды.
Су үнемдеу технологиялары қолданылатын жерлердің көлемі 2023 жылдан бері үш есеге жуық артты.
– Жер қорын басқару саласында қандай өзгерістер бар?
– Бұл бағыттағы негізгі міндеттер – жер пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету, пайдаланылмай жатқан жерді қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізу, топырақ құнарлылығын сақтау.
2022 жылдан бері мемлекет меншігіне пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген 15,6 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Қайтарылған жерлердің 87%-ы қайта бөлінді. Бұдан бөлек, бұрын пайдаланылмаған тағы 5,6 млн гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына тартылды.
Бұл ретте ауыл тұрғындарының мүдделерін де ескеру маңызды. Мал жаю үшін халыққа 5,5 млн гектар жер берілді.
Сонымен қатар жер қатынастары саласын цифрландыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер цифрландырылып, ашық форматқа көшірілді. 2027 жылы 1 қаңтардан бастап жер учаскелерін беру рәсімдерін электрондық форматқа көшіру жоспарланып отыр. Бұл үдерістердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жерді қашықтан бақылау технологиялары оның нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан учаскелерді анықтауға көмектеседі. Нәтижесінде, тиісті шараларды жедел қабылдап, тиімді игеруге дайын азаматтар мен шаруашылықтарға беруге болады.
Жер саясаты жер учаскелерін бөлумен ғана шектелмеуге тиіс. Олардың өнімділігін сақтау да – маңызды міндеттердің бірі. Осыған байланысты топырақтың жай-күйін бақылау жүйесі жетілдірілу үстінде. Ал жер пайдаланушылар топырақ эрозиясының алдын алып, бүлінген жерлерді қалпына келтіру жөнінде тиісті шаралар қабылдауға тиіс.
– Саланың тиімділігіне тікелей әсер ететін тағы бір мәселе – ауыл шаруашылығы техникасы. Машина-трактор паркі қаншалықты қарқынды жаңартылады? Бұл ретте отандық өндірістің үлесі қандай?
– Әрине, заманауи техникасыз еңбек өнімділігін тұрақты арттыру, агротехнологиялық жұмысты белгіленген мерзімде орындау мүмкін емес. Сондықтан біз шаруашылықтардың техника сатып алуына қолдау көрсетуге, елімізде ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз.
Елімізде трактор, комбайн және басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратындар қатары артып келеді. Германияның машина жасау саласындағы алпауыт компаниясы «CLAAS» елімізде ауқымды өндірісін жолға қойса, танымал «John Deere» де ел нарығына келді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі 2023 жылғы 6 000 бірліктен 2025 жылы 8 800 бірлікке дейін өсті. Бұл – 42,2 пайыздық өсім.
Нарықтағы отандық трактор мен комбайнның үлесі 60 пайыздан 90 пайызға дейін артты. Мұның өзі техника паркін жаңартуға ғана емес, аралас өндірістерді дамытуға, сервистік қызмет көрсетуді жолға қоюға, қосалқы бөлшектер өндірісін жергіліктендіруге де жол ашады.
Ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 5 пайыздық жеңілдікпен лизингке беру тетігі де енгізілді. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде машина-трактор паркін жаңарту қарқыны 4,5 пайыздан 8 пайызға дейін өсті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру үшін қарыз сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру тетігі де қолданылады. Бұл, әсіресе, жеткілікті кепіл мүлкін ұсыну қиынға соғатын шаруашылықтар үшін маңызды.
Дегенмен техниканың жаңаруы өздігінен тиімділіктің артуына кепіл бола алмайды. Ол үшін жұмысты сауатты ұйымдастыру, білікті механизаторлармен қамтамасыз ету, техниканы уақтылы күтіп ұстау қажет.
– Айдарбек Сейпелұлы, бүгінгі таңда аграршылар үшін қаржыландыру қаншалықты қолжетімді?
– Қаржы ресурстарына қол жеткізу – аграрлық саланы дамытудың негізгі шарттарының бірі. Биыл агроөнеркәсіптік кешенді жеңілдікпен қаржыландыруға қомақты қаражат бөлінді. Атап айтқанда, көктемгі егіс және егін жинау жұмысын қаржыландыруға 750 млрд теңге қарастырылған. Алдағы уақытта бұл қаржыландыру көлемін 1,5 трлн теңгеге дейін ұлғайту міндеті тұр.
Мұнда қаржыландыру көлемін арттырумен қатар, қаражатты нақты нәтиже беретін жобаларға бағыттау да маңызды. Мұндай жобалар еңбек өнімділігін арттырып, отандық өнім өндірісін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, импортқа тәуелділікті азайтуға тиіс.
2023 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін өзге өңірлерде тарату бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында агроөнеркәсіптік кешен жобаларына жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен, 10 жылға дейін жеңілдетілген несие беріледі. Бір жобаға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы – 5 млрд теңге. Бағдарлама мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуден бастап, балық өсіру және көкөніс қоймаларын салуға дейінгі 16 бағытты қамтиды.
Заманауи технологияларды енгізуге ерекше назар аударылуда. Өңірлерде жоғары өнімді, роботтандырылған тауарлы-сүт фермалары, сондай-ақ табынды бағудың цифрлық жүйелерімен жабдықталған, сауылған сүт көлемін автоматты есепке алу, сүт сапасын бақылау және жануарлардың денсаулығын мониторингтеу жүйелерін қолданатын фермалар салынуда. Сонымен қатар суаруды ақылды басқару жүйелері мен топырақ ылғалдылығын өлшейтін датчиктерді енгізу жөніндегі жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Мұндай шешімдер шығындарды азайтуға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Барлық қаржылай қолдау арқылы шаруашылықтардың тиімділігін тұрақты арттыруға нақты ықпал ету, жаңғыртудың басты нәтижесі болмақ.
– Енді мал шаруашылығына тоқталсақ. Мемлекет басшысы бұл саланы ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа қозғаушы күштерінің бірі ретінде атап өтті. Саланың өсу қарқынын жеделдету үшін қандай шаралар қолға алынбақ?
– Елімізде мал шаруашылығын дамытуға қажетті әлеует жоғары. Кең жайылымдық алқаптар, ауылдық жерлерде еңбек ресурстары жеткілікті, сондай-ақ мал азығын өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар.
Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы жануарларының негізгі түрлері бойынша мал басы көбейді. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ірі қара мал саны – 9 млн, қой мен ешкі – 23,3 млн, жылқы 4,9 млн басқа жетті.
Малдың өнімділігі де артып келеді. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында бір сиырдан жылына сауылатын сүттің орташа мөлшері 4,3 мың килограмнан 5,8 мың килограмға дейін өсті. Ал заманауи жекелеген фермаларда бұл көрсеткіш 12 мың килограмнан асады.
Дегенмен, саланы одан әрі дамыту үшін мал басын көбейту жеткіліксіз. Жануарлардың генетикалық әлеуетін жақсарту, селекциялық-асылтұқымдық жұмысты дамыту, жемшөп базасын нығайту және ветеринарлық қызмет сапасын арттыру қажет.
Биыл 2030 жылға дейінгі мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Құжатта өндіріс көлемін ұлғайту, мал өнімділігін арттыру және экспорттық жеткізілімдерді көбейту шаралары көзделген. Негізінен ірі қара мал басын 12 млн-ға, ұсақ мал санын 28 млн-ға жеткізу және ет пен ет өнімдерінің экспортын 2,5 есе арттыру көзделіп отыр.
Мамандандырылған бордақылау алаңдарын дамытуға да ерекше мән беріледі. Қазіргі уақытта елімізде ірі қара малға арналған жалпы сыйымдылығы 575 мың басқа жететін 314 бордақылау алаңы жұмыс істейді. Биыл «Түркістан агро» серіктестігінің 50 мың басқа арналған бордақылау алаңы пайдалануға берілді.
Мұндай кәсіпорындар өндірістің толық кезеңін ұйымдастыруға, өнімнің сапалық сипаттамаларын жақсартуға, сондай-ақ өңдеуге және экспортқа шығаруға арналған тұрақты көлемдегі өнім партияларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Тауарлық-сүт фермалары мен құс шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыс қалай жүріп жатыр? Өндіріс көлемін арттырып, импортты азайтуға мүмкіндік бар ма?
– Бұл бағыттарда өндірістік база айтарлықтай қалыптасты. Дегенмен, өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік мол.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 330 тауарлық-сүт фермасы жұмыс істейді. Олардың 116-сы заманауи үлгідегі фермаларға жатады. Барлық ферманың жиынтық өндірістік қуаты жылына 1 млн тонна сүтті құрайды.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басқа өңірлерде кеңінен енгізу аясында аталған фермаларды салу және қолданыстағыларын кеңейту жұмысы жалғасып жатыр. Осы бағдарлама бойынша жалпы жобалық қуаты жылына 633 мың тонна сүт өндіруге жететін 103 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 71 ферма пайдалануға берілді, қалған жобалар кезең-кезеңмен қолға алынуда. Бұдан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясының» қолдауымен жаңа сүт фермалары салынып жатыр.
Өндірісті кеңейту отандық сүт пен өңдеуге қажетті шикізат көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда бұл ретте фермалардың өндірістік қуатын ұлғайту ғана емес, шикізатты дайын өнімге дейін өңдей алатын кәсіпорындардың болуы да маңызды.
Құс шаруашылығындағы негізгі міндет – құс етімен ішкі нарықтың қажеттілігін отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету деңгейін арттыру. Кейінгі жылдары елімізде жаңа құс фабрикалары іске қосылып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік қуаты кеңейтілуде. Алдағы уақытта құс етін өндіру қуатын тағы 220 мың тоннаға арттыру жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде жалпы қуаты 31,1 мың тоннаны құрайтын алты нысан пайдалануға берілді. Тағы төрт жоба іске асырылу үстінде, олардың жиынтық өндірістік қуаты 190 мың тоннаға жетеді.
Тағамдық жұмыртқа бойынша отандық өндіріс ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан алдағы уақытта әсіресе, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге инвестиция бағыттауға баса назар аударылып жатыр.
Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту бағытында қатар жүретін сала ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. 2023 жылдан бері жануарлар арасында аса қауіпті аурулар тіркелген ошақтардың саны 53%-ға азайды. Аусыл бойынша халықаралық ветеринарлық мәртебенің қалпына келтірілуі отандық өнімге деген сенімді нығайтып, экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге жол ашады.
Келесі маңызды қадам – жануарларды есепке алу мен өнімнің қадағалану жүйесін жетілдіру. Цифрлық жүйелер малдың орын ауыстыруын, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін және ветеринарлық іс-шараларды тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл ішкі бақылауды күшейту үшін де, шетелдік нарықтардың талаптарын орындау үшін де маңызды.
– Агроөнеркәсіптік кешеннің (АӨК) тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі шарттардың бірі – өнімді өңдеу. Қазақстан шикізат сатудан дайын өнім өндіруге көшу бағытында қаншалықты ілгеріледі?
– Өнім өңдеу – саланы жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі. Ол ауыл шаруашылығы шикізатынан түсетін экономикалық қайтарымды арттыруға, қосымша жұмыс орындарын ашуға және отандық өнім түрлерін көбейтуге жол ашады.
Былтыр азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 4 трлн теңгеге жетті. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы шикізатының негізгі түрлерін өңдеу үлесі де артты.
Бұл ретте астықты терең өңдеудің маңызы зор. Заманауи технологиялар астықтан крахмал, глютен, шәрбаттар, биоэтанол, аминқышқылдары және мал азығына қажетті заттар өндіруге мүмкіндік береді. Мұндай өнімдер тамақ өнеркәсібінде, мал шаруашылығында және басқа да салаларда сұранысқа ие.
2029 жылға дейін жалпы құны 4 млрд АҚШ доллары болатын алты ірі инвестициялық жобаны кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалардың шикізат өңдеу бойынша жиынтық қуаты жылына 5 млн тоннаны құрауға тиіс.
Биыл Түркістан облысында «Қазкрахмал» кәсіпорны пайдалануға берілді. Ал Жамбыл облысында «Fufeng» компаниясының жүгеріні терең өңдейтін, жылына 500 мың тонна шикізат өңдеуге қауқарлы кешенінің бірінші кезеңі іске қосылды. Осы кезеңге салынған инвестиция көлемі 400 млн АҚШ долларын құрады.
Жоба аясында өнеркәсіпте және мал азығын өндіруде кеңінен қолданылатын лизин, треонин және басқа да компоненттерді қоса алғанда, аминқышқылдарын өндіру көзделген. Бұл – Қазақстан үшін жаңа, жоғары технологиялы өндіріс бағыты.
Жаңа кәсіпорындардың отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тығыз байланыста жұмыс істеуі маңызды. Ірі өңдеуші кәсіпорындар шикізатқа деген сұранысты арттырып, фермерлерге нақты сатып алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, өндіріс көлемін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жобалардың тиімділігі шикізат жеткізілімінің тұрақтылығына, инфрақұрылымның дамуына, өндірістік қуаттардың толық пайдаланылуына және дайын өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне байланысты болады.
– Экспортты дамытуда қандай нәтижелерге қол жеткізілді? Отандық өнімдер шетелдік нарықтарда қаншалықты сұранысқа ие?
– Өткен жылы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 7 млрд АҚШ долларына жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 37%-ға өсті. Оның ішінде өңделген өнім экспорты 3,6 млрд АҚШ долларын немесе ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы экспорт көлемінің 51,4%-ын құрады.
Еліміз кейінгі екі маркетингтік жылда астық пен ұн экспортын астық баламасында тиісінше 15,5 млн және 16 млн тоннаға жеткізді. Бұл Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңнен бергі экспорттың ең жоғары көрсеткіші болды.
Отандық өнімдер 72 елге жеткізіледі. Негізгі өткізу нарықтары – Орталық Азия елдері, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері, Қытай, Ауғанстан, Иран, Парсы шығанағы елдері және басқа да бағыттар.
Экспорттың едәуір бөлігін әлі де астық және май-тоңмай өнімдері құрайды. Дегенмен өңделген тауарлардың, еттің және қосылған құны жоғары басқа да өнімдердің экспорттағы үлесі біртіндеп артып келеді.
Мәселен, 2026 жылғы қаңтар–шілде айларында Қазақстаннан Ауғанстанға 1,6 млн тонна АӨК өнімі экспортталды. Жеткізілімдердің жалпы құны 445 млн АҚШ долларын құрады. Экспорттың негізгі бөлігін ұн мен бидай, сондай-ақ күнбағыс майы, зығыр тұқымы және бұршақ дақылдары құрады.
Сонымен қатар жаңа нарықтарға шығу және ветеринарлық әрі фитосанитарлық шектеулерді алып тастау бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. 2025–2026 жылдары Қытайға және басқа да елдерге экспорттауға рұқсат алған қазақстандық кәсіпорындардың тізімі кеңейді. Құс шаруашылығы өнімдерін, етті, сүт өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттау талаптарын келісу бойынша келіссөздер жалғасып жатыр.
Мұнда бір ескеретін жайт жаңа нарыққа шығу – жұмыстың алғашқы қадамы ғана. Экспортты тұрақты дамыту үшін өнім сапасының бірізділігі, халықаралық стандарттардың сақталуы, сенімді логистика және ұзақмерзімді келісімшарттар қажет.
Экспорт құрылымында терең өңделген өнімдердің үлесі неғұрлым жоғары болса, ел ішінде қалатын қосылған құн да соғұрлым артады. Сондықтан экспорттық саясат өндірісті жаңғыртумен тікелей байланысты.
– Отандық өнімнің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін тағы не істеу керек?
– Ең алдымен, өндірісті техникалық жаңғыртуды жалғастырып, заманауи технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, өңдеуші кәсіпорындар мен сауда компаниялары арасындағы байланысты барынша нығайту қажет.
Өнімді сақтау инфрақұрылымын, тоңазытқыш қоймаларын және логистиканы дамыту да айрықша маңызға ие. Өндіріс көлемі жеткілікті болғанның өзінде өнімнің ысырап болуы, шығындардың өсуі оның бәсекеге қабілеттілігін төмендетуі мүмкін. Сондықтан өнімді өсіру мен сақтаудан бастап, оны өңдеу, қаптау және тұтынушыға жеткізуге дейінгі бүкіл өндірістік-технологиялық тізбекті жетілдіру қажет.
Тағы бір маңызды бағыт – цифрландыру. Салалық ақпараттық жүйелер кезең-кезеңімен біріктіріліп, бірыңғай е-АӨК цифрлық экожүйесі әзірленуде. Сонымен қатар Smart Data Agro бірыңғай деректер қоймасын құру көзделген. Бұл жүйе салаға қатысты ақпаратты талдауға, ықтимал өзгерістерді болжауға және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, басқарушылық шешімдерді неғұрлым негізді қабылдауға жол ашады.
– Жалпы, алдағы жылдары отандық агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде қандай бағыттарға басымдық берілуі керек?
– Басты міндет – өндіріс көлемін ұлғайтудан бастап, бүкіл саланың тиімділігін тұрақты арттыруға басымдық беру. Ол үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен мал шаруашылығындағы өнімділікті арттыру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, отандық селекцияны нығайту және аграрлық ғылымды дамыту қажет. Сонымен қатар заманауи фермалар салу, өнімді терең өңдеуді дамыту және жаңа экспорттық нарықтарға шығу да маңызды.
Жер мен су ресурстарын ұтымды пайдалану да негізгі міндеттердің бірі. Бұл ресурстар шектеулі болғандықтан, ауыл шаруашылығының одан әрі дамуы оларды барынша тиімді пайдалана отырып, көбірек өнім өндіруге мүмкіндік беретін технологияларға негізделуі қажет.
Түптеп келгенде, агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту нақты нәтижелерге жеткізуге тиіс. Атап айтқанда, шаруашылықтардың еңбек өнімділігі артып, фермерлер үшін өнім өткізудің тұрақты арналары қалыптасуы, өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылуы және отандық азық-түлік өндірісі кеңеюі керек.
Еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті шикізаттық әлеуеті жоғары, мүмкіндіктер де жеткілікті. Ендігі мақсатымыз – осы мықты әлеуетті жүйелі түрде бәсекеге қабілетті өндіріске, заманауи өңдеу саласына және ел ішінде де, шетелде де сұранысқа ие сапалы өнім өндіруге бағыттау.
Амангелді ҚИЯС
Бас редактордың орынбасары