Биыл республика бойынша жалпы көлемі 5 млн. тонна шамасында майлы дақылдар өнімі жиналады деген болжам бар.
Бұл, әрине, қуантарлық жағдай, дегенмен де осынша қыруар өнімнен фермерлер қандай пайда көреді, оны қайда сатады деген орынды сұрақ туындайды, оның үстіне көрші Ресейде де майлы дақылдардың мол өнімі күтілуде, яғни бұл нарықтағы бәсеке күшейе түседі деген сөз.
Бұл ретте атап өтетін жәйт, қазіргі күнде күнбағысты елімізден сыртқа сатуға 1 тоннасына 100 евро көлемінде баж салығы салынады. Бұл күнбағыс дақылымен айналысатын фермерлердің қаржылық жағдайына кері әсерін тигізеді, өйткені олар әр тоннадан кем дегенде 50 мың теңге жоғалтады.
Бұдан бетер, отандық қайта өңдеу кәсіпорындары күнбағысты фермерлерден төмен бағамен сатып алады, ал баж салығы фермерлерге өсірген өнімін қалаған бағамен сатуға мүмкіндік бермейді.
Аталмыш салық күнбағыс майының бағасын түсіру мақсатында енгізілген болатын, алайда бағаның ешқандай түскенін байқап отырған жоқпыз, керісінше дүкендерде біздің майдың бағасы ресейлік майдың бағасынан 1,5 есеге дейін қымбат.
Сонымен қатар, күнбағыс дақылына баж салығы салынса, сыртқа сатылатын күнбағыс майына да баж салығын енгізу керек, өйткені халық шикі дақылды емес, майды пайдаланады, мүмкін сонда дүкендегі отандық күнбағыс майының бағасы төмендейтін шығар…
Тоқетерін айтқанда, күнбағысты сыртқа сатуға салынған баж салығын толығымен алып тастау қажет.
Бұл мәселені Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы Үкіметтің, Сауда және интеграция министрі А.А. Шаққалиевтің алдында көтерді.
Енді билік органдарының жауабын күтудеміз…