Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабының атауының өзі үлкен ойға жетелейді.
Әділетті қоғам шыншыл сөзден басталады. Ал шыншыл сөз дегеніміз – жетістікті ғана емес, шешімін күткен мәселелерді де ашық айту.
Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы атынан ауыл шаруашылығына қатысты осындай өзекті мәселелерді ашық жеткізуді азаматтық міндетіміз деп санаймыз.
Біріншіден – қаржы мәселесі.
Фермер үшін көктемгі егіс науқаны – уақытпен жарыс. Тұқым, жанармай, тыңайтқыш, қосалқы бөлшек, техника – барлығы қаржыға тәуелді. Несие пайызы жоғары болса, шаруаның өндірісін кеңейтуі қиындайды. Қаржыландыруға қолжетімділік пен оның уақтылығы – ауыл шаруашылығының тағдырын шешетін маңызды фактор. Фермерлерге тек несие беру жеткіліксіз. Фермердің табысы мен ауыл шаруашылығы өндірісінің маусымдық ерекшелігіне сәйкес келетін, ұзақ мерзімді және қолжетімді қаржы тетіктері қажет.
Екіншіден – субсидия мәселесі.
Мемлекеттік қолдау фермерге нақты өндірістік кезеңде жетуі керек. Қағаз жүзіндегі мүмкіндік пен нақты қолжетімділіктің арасында алшақтық болмауы тиіс. Фермер үшін ең маңыздысы – ереженің тұрақтылығы, қаражаттың ашық бөлінуі және субсидияның уақытылы берілуі. Ережелер жиі өзгермей, шаруашылық өз жұмысын бірнеше жылға алдын ала жоспарлай алса, бұл ауылдың тұрақты дамуына үлкен серпін береді.
Үшіншіден – ауыл шаруашылығы техникасының мәселесі.
Қазіргі заманғы агроөндіріс жаңа технология мен заманауи техникасыз мүмкін емес. Бірақ техниканың қымбаттауы, қосалқы бөлшектердің бағасы және сервистік қызметтің қолжетімділігі көптеген шаруашылықтарға салмақ түсіреді. Сондықтан отандық ауыл шаруашылығы техникасын дамыту, фермерлерге тиімді лизингтік бағдарламаларды жетілдіру және техникаға сервистік қызмет көрсетуді өңірлерде күшейту – маңызды міндет.
Төртіншіден – су мәселесі.
Кейбір өңірлер үшін су – жай ғана өндіріс ресурсы емес, егіннің тағдыры. Су тапшылығы күшейген сайын су үнемдеу технологияларын енгізу, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және суды әділ әрі тиімді бөлу мәселесі бірінші орынға шығады. Біз суды ысырап етпеуіміз керек. Бірақ ол үшін фермерге заманауи суару технологияларын енгізуге нақты мүмкіндік пен қолдау қажет.
Бесіншіден – өнімді өткізу мәселесі.
Фермер өнім өндіреді. Бірақ өнімді кімге және қандай бағамен сататыны – әлі де күрделі мәселе. Кейде ауылдағы өндіруші өз өнімін арзан бағамен өткізуге мәжбүр болады, ал сол өнім тұтынушыға бірнеше есе қымбат жетеді. Сондықтан өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдық тізбекті қысқарту, кооперацияны дамыту, сақтау қоймаларын, өңдеу кәсіпорындарын және өткізу инфрақұрылымын көбейту – ауыл шаруашылығын дамытудың басты бағыттарының бірі. Фермерге тек өнім өндіруді емес, өнімнің қосылған құнын арттыруды үйретіп, соған жағдай жасау қажет.
Алтыншыдан – жер мәселесі.
Жер – фермердің негізгі өндіріс құралы. Сондықтан жерді тиімді пайдалану, оның құнарлылығын сақтау және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің нақты еңбек ететін шаруаларға қолжетімді болуы – аса маңызды. Біздің ұстанымымыз қарапайым: жер – байлық көзі ғана емес, ұрпаққа аманат. Оны бүгін пайдаланып қана қоймай, ертеңгі ұрпаққа құнарлы күйінде қалдыру – біздің ортақ жауапкершілігіміз.
Фермерлердің бұл мәселелерді көтеруі – мемлекетті сынау үшін емес. Керісінше, мемлекет пен шаруаның арасындағы ашық диалогты күшейту үшін айтылып отырған сөз. Фермерлерге дайын шешімнен бұрын, тұрақты әрі түсінікті ереже, әділ бәсеке және еңбектің нәтижесіне деген сенім қажет.
Ауылдағы қарапайым шаруаның бір өтініші бар: «Мен адал еңбек етсем, сол еңбегімнің нәтижесін көруге мүмкіндік беріңіз».
Міне, әділетті қоғамның ауылдағы қарапайым көрінісі – осы.
Егер фермер өндірген өніміне әділ баға алса, суы жеткілікті болса, техникасы уақытында жаңарса, несиесі қолжетімді болса, мемлекеттік қолдау ашық әрі уақтылы көрсетілсе – онда ауыл да дамиды, экономика да нығаяды, елдің азық-түлік қауіпсіздігі де күшейеді.
Ауылдың жағдайы – елдің жағдайы.
Фермердің мәселесі – Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі.
Еңбек адамының беделі – әділетті қоғамның өлшемі.
Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы Мемлекет басшысының әділеттілік, заң үстемдігі, еңбек адамының мәртебесін арттыру және экономиканы нақты өндіріс арқылы дамыту бағытындағы бастамаларын қолдайды.
Біз де өз тарапымыздан жауапкершілікті сезінеміз.
Жерімізді тиімді пайдаланамыз. Суды үнемдейміз. Жаңа технология енгіземіз. Өнім сапасын арттырамыз. Ауыл жастарына мүмкіндік жасауға атсалысамыз. Ең бастысы – адал еңбек етеміз.Өйткені мемлекетке де, қоғамға да, ауылға да ең керегі – құр сөз емес, адал еңбек пен нақты нәтиже.
Диқанның еңбегі ақталсын! Малшының малы көбейсін! Фермердің кәсібі берекелі болсын! Ауылдарымыз көркейіп, жастарымыз ауылда еңбек етуге ұмтылсын!
Қазақстанның даласы – халқымыздың несібесі. Оны еңбекпен игеру – біздің ортақ парызымыз.
Еліміз аман, жеріміз берекелі, халқымыздың бірлігі мығым болсын!
Әділетті қоғамға бастайтын шыншыл сөзіміз де, адал еңбегіміз де ел игілігіне қызмет етсін!