Бүгін Басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов Астана қаласының Ұлттық академиялық кітапханасында өткен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын талқылауға арналған дөңгелек үстелге қатысты.
Мұндай тағылымды басқосуға шақырту алу біздің Қауымдастық үшін үлкен мәртебе!
Бұл кітап – ел тағдырына, қоғамның бүгінгі болмысына, мемлекет пен халық арасындағы өзара жауапкершілікке қатысты маңызды ойлар тоғысқан еңбек. Мемлекет басшысының шындықты ашық айту, әділеттілікті орнықтыру, еңбекті бағалау және ел бірлігін нығайту жөніндегі пайымдары әр азаматқа ой салып, өз жауапкершілігін сезінуге үндейді.
Қазақстан фермерлері үшін әділетті қоғам ұғымының маңызы ерекше. Себебі ауыл шаруашылығы – маңдай термен, тынымсыз еңбекпен тікелей байланысты сала. Диқанның еккен дәні, малшының төккен тері, ауыл еңбеккерінің күнделікті еңбегі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне, ауылдың әлеуметтік жағдайына және тұтас экономиканың тұрақтылығына қызмет етеді.
Біз үшін әділеттілік – фермер еңбегінің лайықты бағалануы, ауыл шаруашылығына бөлінген мемлекеттік қолдаудың ашық әрі тиімді болуы, жер ресурстарының әділ пайдаланылуы, еңбек адамының құқығы мен мүддесінің қорғалуы. Әділет бар жерде сенім болады, ал сенім бар жерде еңбекке деген жігер мен ел болашағына деген жауапкершілік артады.
Президентіміздің «Еңбек адамының беделін көтеру», ауыл мен өңірлерді дамыту, отандық өндірісті күшейту, кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бастамалары ауыл еңбеккерлері үшін аса маңызды. Бүгінде қазақстандық фермерлер заманауи технологияларды енгізіп, өндірісті әртараптандырып, өнім сапасын арттыруға және ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып келеді.
Біздің басты мақсатымыз – тек өнім өндіру емес, қуатты ауыл қалыптастыру, ауыл жастарына мүмкіндік беру, жерді ұқыпты пайдалану және кейінгі ұрпаққа берекелі ел қалдыру.
«Әділетті Қазақстан» идеясы – барша азаматқа ортақ үлкен мақсат. Ал осы мақсатқа жету үшін мемлекет пен қоғамның, билік пен еңбек адамының арасында өзара сенім мен ашық диалог болуы қажет. Бүгінгі дөңгелек үстел де осы тұрғыдан алғанда аса маңызды. Кітапта көтерілген мәселелерді талқылау арқылы біз ел дамуына қатысты өз ойымызды ортаға салып, ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелерін де назарға ұсына аламыз.
Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы атынан Мемлекет басшысына елдің ауыл шаруашылығына, еңбек адамдарына және ауылды дамытуға көрсетіп отырған қолдауы үшін ризашылығымызды білдіреміз.
Еліміздің ауыл шаруашылығы өркендеп, шаруаның еңбегі берекелі болсын!
Диқандарымыздың дәні бітік, малымыздың басы көбейіп, ауылдарымыздың ажары арта берсін!
Әділетті қоғам – адал еңбектен, шыншыл сөзден және ортақ жауапкершіліктен басталады.
Еліміз аман, жеріміз берекелі, ауылымыз қуатты болсын!



