Перейти к содержимому

СҰРАҚ-ЖАУАП

    «Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбаса, қандай шаралар қолданылады?»

    Ауыл шаруашылығы жерін пайдаланбаған жағдайда мемлекет бірден тартып алмайды, оның заңнамада белгіленген рәсімі бар.

    Мысалға, фермердің 5 мың гектар жайылымы бар делік. Ол жерді мал жаю үшін алған, бірақ бірнеше жыл бойы іс жүзінде пайдаланбай отыр.

    Біріншіден, жердің пайдаланылмай жатқаны анықталады. Мемлекеттік орган жерді мониторинг арқылы тексере алады. Тексеру кезінде ғарыштық қашықтан зондтау, жерүсті зерттеу, түгендеу және мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері пайдаланылады, яғни инспектор міндетті түрде күнде барып, 5 мың гектарды аралап шығуы шарт емес.

    Одан кейін, егер заң бұзушылық анықталса, жер иесіне немесе жер пайдаланушыға оны жою туралы нұсқама беріледі. Бұл жерде маңыздысы, нұсқама берілген күн жердің пайдаланылмауы анықталған күн болып есептеледі.

    Содан соң, фермерге уақыт беріледі, яғни ауыл шаруашылығы жерін шаруа/фермер қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ұтымды пайдалану бойынша шара қабылдауға бір жыл мерзім белгіленеді.

    Одан кейін де жағдай түзелмесе, жерді алып қою мәселесі туындайды. Жер кодексінде ауыл шаруашылығы өндірісіне немесе шаруа/фермер қожалығына арналған жер пайдаланылмай жатқаны анықталғаннан кейін белгіленген мерзімде мақсатқа сай пайдаланылмаса, оны мәжбүрлеп алып қою механизмі көзделген. Қолданыстағы заңнама нормаларында пайдаланбау фактісі алғаш анықталғаннан кейін бір жыл өткен жағдайға қатысты тікелей норма бар.

    Алайда, бұл жерде «бір жыл өтті – әкімдік тартып алады» деген әңгіме емес, әкімдік жай ғана қаулымен фермердің жерін алып қоя алмайды. Мәжбүрлеп алып қою Жер кодексінің 94-бабында көзделген рәсіммен жүргізіледі.

    Осылайша схема шамамен былай: жер пайдаланылмайды → мониторинг/тексеру жүргізіледі → бұзушылық анықталады → нұсқама беріледі → белгіленген мерзім ішінде түзетуге мүмкіндік беріледі → талап орындалмаса → мәжбүрлеп алып қою рәсімі жүргізіледі → жер мемлекетке қайтарылады.

    Сондай-ақ, бұл жерде тағы бір маңызды айырмашылық бар.

    «Жерді пайдаланбау» мен «жерді ұтымсыз пайдалану» – бұл әртүрлі жағдайлар.

    Мысалы, бір фермер жерді мүлде пайдаланбай отырса, бұл бір жағдай. Ал екінші фермер жерді пайдалана отырып, топырақты құнарсыздандырса, агротехникалық талаптарды сақтамаса немесе жайылымды шамадан тыс пайдаланса – бұл ұтымсыз пайдалану болып есептеледі. Мұндай жағдайда қолданылатын рәсім өзгеше болады. Жер кодексі ауыл шаруашылығы жерін ұтымды пайдалану үшін де бір жылдық мерзімді көздейді.

    Ал, егер де фермер «менің жерді игеруге ақшам жоқ, техникам жоқ» десе ше?

    Міне, бұл жағдайда мәселе күрделене түседі. Жерді пайдаланбаудың объективті себебі бар ма, жоқ па, мұның маңызы өте зор. Мысалы, еңсерілмейтін күш жағдайлары заңда ескерілетін жағдайлардың бірі. Сондықтан «фермер несие ала алмады, техникасы жоқ, сондықтан жерді пайдаланбады» деген себеп автоматты түрде жерді сақтап қалуға құқық береді деп айтуға болмайды. Бірақ нақты жағдайды бағалағанда оның себебі мен дәлелдері маңызды рөл атқарады.

    Сол естеріңізде болсын.