Перейти к содержимому

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰҚЫМ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ

    Тұқым шаруашылығы – ауыл шаруашылығының негізін құрайтын маңызды салалардың бірі. Өнімділік, сапа және ауыл шаруашылығы дақылдарының тұрақты дамуы көбінесе тұқым сапасына байланысты. Дегенмен, бұл салада бірқатар түйткілді мәселелер бар.

    1. Сапалы тұқым қоры жеткіліксіз

    Қазақстанда жоғары өнімді, ауруларға және климаттық жағдайларға төзімді тұқымға сұраныс жоғары. Алайда, мұндай сапалы тұқым барлық фермерлерге бірдей қолжетімді емес. Көп жағдайда шаруалар шетелдік тұқымға тәуелді болып отыр, бұл өз кезегінде отандық өндірістің әлсіздігін көрсетеді.

    Еліміздің агроөнеркәсіп кешені әлеуеті жоғары екеніне қарамастан, тұқым шаруашылығы бағытында әлі де болса импортқа қатты тәуелді боп қалып отыр.

    Ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымына қажеттіліктің 30%-дан астамын, кей дақылдар бойынша 90%-ға дейін, Қазақстан шетелден алдыру жолымен жауып отыр. Осы орайда тұқым сатып алуға кеткен қаржының 60%-дан астамы шетелге кетеді.

    2. Тұқым сапасын бақылау жүйесі әлсіз

    Қазіргі таңда нарықта сапасыз немесе жалған тұқымдардың кең таралуы байқалады. Бұған себеп – тұқым сапасын тексеру, сертификаттау және стандарттау жүйелерінің жеткілікті деңгейде дамымауы. Бұл мәселе шаруаларға зиянын тигізіп, егін шығымдылығын төмендетеді.

    Қазақстанда тұқым шаруашылығымен айналысатын 246 кәсіпорын, оның ішінде: 28 бірегей тұқым өндіруші; 82 элиталық тұқым өндіруші; I, II және III репродукциялы тұқым өндіретін 136 шаруашылық бар екен.

    Алайда бұлардың көбі саны бар сапасы жоқ қағаз жүзіндегі ғана шаруашылықтар болуы мүмкін. Сол себептен Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан оларға тексеріс жүргізіп, қайта аттестаттау қажет деп пайымдаймыз.

    3. Ғылыми зерттеу мен селекция жұмыстары жеткіліксіз

    Жаңа сұрыптарды шығару, оларды бейімдеу және өндіріске енгізу бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстары баяу жүргізілуде. Көптеген ғылыми мекемелердің материалдық-техникалық базасы ескірген, ал зерттеу жұмыстарына бөлінетін қаржы аз.

    Күнделікті үйімізде жеп отырған сәбіз, қызылша, пияз, қияр, қызанақ, картоп, қауын-қарбыз, асқабақ сынды жеміс-жидек, көкөніс-тердің барлығының тұқымын шетелден алдырып отырмыз. Осы тұқымдарды сатып алуға кейбір есептеулер бойынша 15-20 млрд. теңгеге дейін қаражат кетеді екен. Бұл ақша шетелге кетіп жатыр. Өйт¬кені олардың бағасы отандық тұқым¬дардан 5-15 есе қымбат және шаруа қожалықтары үшін өте тиімсіз. Отан¬дық тұқымдар аз болғандықтан фермерлер шетелден сатып алуға мәжбүр. Нәтижесінде ол шығын соңғы өнімнің өзіндік құнына әсер етіп, бағасын қымбаттатады. Турасын айтқанда, қазір ғалымдар өз қиындықтарымен бетпе-бет жалғыз қалып отыр. Бірақ ғалымдардың проблемалары фермерлерге, ал содан кейін бүкіл елге әсер ететін болады.

    4. Мемлекеттік қолдау көлемі аз

    Тұқым шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдетілген несие бағдарламалары жеткіліксіз. Бұл салада жұмыс істейтін шағын және орта кәсіп иелері үшін қолдау тетіктері әлсіз дамыған.

    5. Инфрақұрылым мен технологиялар артта қалған

    Тұқым өңдейтін және сақтайтын зауыттардың көпшілігі ескі технологиялармен жұмыс істейді. Сақтау орындары халықаралық стандарттарға сай келмейді. Бұл сапалы тұқым қорын құруға және сақтауға кедергі келтіреді.

    6. Кадр тапшылығы

    Салада жоғары білікті агрономдар мен селекционерлер жетіспейді. Жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту қиын болып отыр. Бұл өз кезегінде тұқым шаруашылығының дамуына кедергі келтіреді.

    Ғылыми қызметкерлердің жалақысы өте аз, мұндай төмен еңбекақы жас мамандарды ынталандыруға, ғылыми әлеуетті нығайтуға кедергі келтіреді.

    Осылайша, тұқым шаруашылығын дамыту – аграрлық сектордың табысты болуының басты кепілі екені баршаға мәлім. Сапалы тұқым болмаса, өнімділік те, тұрақты даму да болмайды. Сондықтан бұл салаға кешенді мемлекеттік қолдау, заманауи технологияларды енгізу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру және кадр даярлау ісін жолға қою – аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

    Бұл мәселе бойынша сіздердің ойларыңыз қандай?

    Бөлісіп отырыңыздар…