Перейти к содержимому

Еңбек адамын ұлықтау

    Бүгін Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Қазақстанның Еңбек Ері, «Қарасу» СӨК» ЖШС Бас директоры – Алмат Жанәбілұлы Тұрсынов атындағы смарт аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

    Алмат Жанәбілұлының өмір жолы – маңдай термен жеткен табыстың, туған жерге адал қызмет етудің және ауыл шаруашылығын дамытуға деген жанқиярлық еңбектің жарқын көрінісі. Ол кісі өз ісімен мыңдаған ауыл еңбеккерлеріне үлгі болып, ел экономикасының маңызды саласы – агроөнеркәсіп кешенінің өркендеуіне зор үлес қосты.

    Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы әрдайым білікті мамандарға, жаңашыл ойлайтын жастарға мұқтаж. Сондықтан бүгінгі ашылып отырған аудитория тек бір тұлғаның есімін ұлықтайтын орын ғана емес, болашақ мамандарға еңбек пен білімнің, жауапкершілік пен табандылықтың құндылығын дәріптейтін рухани орталық болады деп сенеміз.

    Жастарымыз осы аудиторияның қабырғасында білім алып қана қоймай, Алмат Жанәбілұлының еңбек жолынан өнеге алып, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге ұмтылады деп сенеміз. Өйткені елдің азық-түлік қауіпсіздігі, ауылдың әл-ауқаты және мемлекеттің тұрақты дамуы білімді де білікті жас мамандардың қолында.

    Бүгінгі шараның тәрбиелік мәні ерекше. Ұлттың дамуы – ең алдымен еңбекті қадірлеуден басталады. Алмат Жанәбілұлы секілді азаматтардың өмірі мен қызметі жас ұрпаққа осы ақиқатты терең түсіндіреді.

    Ашылып отырған аудитория білім мен ғылымның, ізденіс пен жаңашылдықтың ордасына айналып, талай дарынды маманның қанат қаққан қасиетті шаңырағы болсын!