Перейти к содержимому

Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау кезіндегі қосымша құн салығы

    Бүгін «Атмекен» палатасы бизнес-қоғамдастықтардың қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезінде ҚҚС түзету мәселесі бойынша онлайн-кеңес ұйымдастырды.

    2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі бойынша нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылған ауыл шаруашылығы өнімі бойынша есепке жатқызылатын ҚҚС сомасын 80%-ға азайту көзделген. Бұл ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау кезінде бұрын төленген кіріс ҚҚС-тың 20% ғана қайтарылуға жататынын білдіреді.

    Баға белгілеу нарықта қалыптасатынын ескере отырып, көрсетілген салық жүктемесі сыртқы сатып алушыға толық көлемде ауыстырыла алмайды. Сыртқы нарықтардағы жоғары бәсекелестік жағдайында бұл шаруалардан өнімді сатып алу бағасын төмендету арқылы салық жүктемесін ішкі нарыққа көшіруге әкеп соғады.

    Экспорттаушы жаңа ережелерге бейімделіп, ҚҚС-ты өтеу бойынша шектеулерді ескере отырып, сатып алу саясаты мен баға шарттарын қайта қарау арқылы туындаған шығындарды өтеуге мәжбүр болады. Нәтижесінде негізгі қаржылық жүктеме іс жүзінде шаруаларға ауысады.

    Осылайша, ҚҚС бойынша шаруаларға жәрдемақы түріндегі мемлекеттік қолдау шарасы (-80%) айтарлықтай дәрежеде мәнін жоғалтады, өйткені сатып алу бағасының төмендеуі берілген жеңілдіктің экономикалық әсерін барынша азайтады. Табыстың төмендеуі тәуекелдің маңызды факторы болып табылады және шаруалардың қаржылық тұрақтылығының нашарлауына, борыштық жүктеменің өсуіне, инвестициялық белсенділіктің төмендеуіне, өндіріс көлемінің төмендеуіне және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына теріс әсерге әкелуі мүмкін.

    Бұл ретте Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы «Атамекен» палатасының шаруаларға ҚҚС бойынша 80% жеңілдікті сақтау тұрғысындағы ұстанымын қолдады.