Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде тауарлық-ерекше субсидиялардан жеңілдікті кредиттеуге көшу мәселесі жөнінде отырыс өтті.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынып отырған субсидия мәселесі Қазақстан фермерлері қауымдастығын алаңдатып отыр.
Отырыста саланың өкілдері өз ойларын ортаға салып, негізінен субсидиялауды алып тастауға қарсылық білдіріп, қаржыландырудың екі бағытын қатар қолдануды ұсынды.
Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы әріптестерін қолдап, келесідей пікір білдірді.
1. Субсидиялаудан жеңілдікті кредиттеуге көшудің бірқатар кері әсерлері бар. Атап айтқанда, фермерлердің қарыздық жүктемесі өседі. Несие мен субсидияның басты айырмашылығы – қайтару қажеттілігі. Шағын және орта шаруашылықтар үшін бұл төлем қабілетсіздігіне, қайтару мерзімінің өтіп кетуіне, егіннің шықпауына немесе бағаның түсіп кетуіне байланысты банкроттыққа ұшырау жағынан қауіп тудырады.
2. Шағын шаруашылықтарды қолдау көлемі азаяды, өйткені әдетте банктер мен қаржы институттары үлкен және тұрақты өндірушілерге несие беруді жөн көреді.
3. Азық-түліктің бағасы өседі, өйткені тауарлық субсидия алатын өнім өндірушілер қолдаудан айырылса немесе қаржылық шығындардың өсуіне тап болса, өнімнің өзіндік құны артады.
4. Қаржыландыруға тең емес қол жетімділік пайда болады, себебі көптеген фермерлерде кепіл жеткіліксіз, несие тарихы әлсіз, қарыз жүктемесі жоғары. Нәтижесінде шаруашылықтардың басым бөлігі мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алмай қалады.
5. Субсидиялау деңгейін көрші елдердің: Беларус – 22%, Ресей -12%, деңгейіне жеткізу керек (Қазақстанда -8%).
6. Әлемдік практикадағыдай субсидияны 1 гектарға немесе 1 мал басына беруді қарастыру қажет.
Осылайша, тауарлық-ерекше субсидиялардан жеңілдікті кредиттеуге көшуге әзірше негіз жоқ.
