Перейти к содержимому

Облыс фермерлерді ірілендіру мәселелері және олардың шешілу жолдары

    Өткен 15 наурыз айындағы жалпыхалықтық референдум арқылы Ата Заңымызға Меншік туралы бапқа түзетулер енгізілді. Бұрынғы 6-1 бап «Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады» деген тұжырымдама 8-1 бапқа өзгертіліп, онда «Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады» деп бекітілді. Бастапқыда бұл бап өзгеріссіз қалып, кейін жалпыхалықтық талқылау кезінде экономистер, депутаттар және халықаралық тәжірибелерді ескеріп, «мемлекеттік меншік пен жеке меншік түрі» Жаңа Конституцияда «барлық меншік түрі» деп өзгертілді. Бұл кооперативтерді дамытуда жаңа импульс береді деп сенеміз. Ресей, Финляндия, Литва, Латвия, Әзербайжан, басқа да елдерде мемлекеттік және жеке меншіктен бөлек, конституцияларда муниципалды меншік нысаны да қарастырылған. Ал Қытай, Бразилия, Үндістан конституцияларында оларға ұжымдық немесе кооперативтік меншік түрі қосылған. Екінші мәселе, – «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңында «құрамында 3 адамнан кем болмаса кооператив құруға болады», деп тұжырымдалған. Біздің ойымызша оны 10-ға дейін көбейту керек. Бұлай өзгертпей, Президент тапсырмасы: «Бірлестік (кооператив) құру бүкіл ел бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана ауылдағы ағайын бұл жұмыстың игілігін көреді. Жеке шаруалар біріге алмаса, мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы бар еңбегі зая кетеді» деген тұжырымдамасын орындау қиындайды. Үшінші мәселе, – Кооператив Үкіметтен несие алу үшін құрылмайды, ұжым болып жұмыс істеу үшін ұйымдастырылады. Сондықтан, ең негізгісі үлеспұл жарнасы бойынша бастапқы қорды қалыптастыру. Қазіргі заңда ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері үшін жарналарының ең төменгі деңгейі белгіленбеген. Біздің ойымызша, оның мөлшері 20 млн. теңгеден кем болмауы керек. Қаржы ұйымдарын құрған кезде осындай талаптар қойылады.

    Қазіргі кезде Кооперативтердің үлеспұлдық (жарна) бастапқы қоры әділет органдарына бақылаусыз тіркеледі. Нәтижесінде олардың көп жағдайда тиімсіз құрылуына әкелді. Сондықтан, кооперативтік қордың тіркелу кезінде ең төменгі деңгейін «20 млн. теңгеден кем болмауын белгілеу қажет» деп есептейміз. Бұл, қарапайым тілмен қазіргі заңсыз субаренда ретінде айналымда жүрген шаруа-фермер қожалықтарының 20 гектар жерінің пайдалану құқықтарының жалпы бағасы. Жасыратыны жоқ, қазір қосалқы жалдау үлесі өте көп. Оны заңдастырудың бірден-бір жолы осы кооперативтерге бірігіп, жердің пайдалану құқығын кооперативтік қорға салып, соған жыл соңында акционерлік қоғамдардағы сияқты дивиденд алу. Төртінші мөселе, қазір ауыл шаруашылығын кооперативтерге біріктіру үдерісі мына сатылармен іске асуда. Олар, отбасылық негізде құрылған шаруа қожалықтары , бірнеше өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асыратын фермерлер, жай серіктестік нысанында ұйымдастырылған шаруа қожалықтары. Келесі сатыда Заңды тұлғалар, оның ішінде ортақ экономикалық, әлументтік қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтері, егер олардың қауымдастықтары біріксе, онда ол ауыл шаруашылығы кооперация деп аталады. Корпорация бұдан біршама ауқымды. Негізінен акционерлік нысан ретінде құрылған бірлестік, одақ. Біздің облыста соңғы кезде дамып келе жатқан кооперативке дайын жай серiктестiк нысанында ұйымдастырылған қожалықтар бар. Мысалы, Ескелді ауданындағы «Нам» шқ 25 фермерді біріктіріп, жұмыс істесе, Көксу ауданындағы «Кең дала» шқ 8 фермерді, Ескелді ауданындағы «Дүйсенбинов Айдын» шқ 6 фермерді біріктіріп жұмыс атқаруда. Олар заңды тұлға ретінде тіркеуге тұрмай, кәсіпкерлік кодекс талабына сәйкес бірлескен қызмет туралы шарт негізінде ортақ үлестік меншік базасында жай серіктестік нысанында ұйымдастырылған қожалық нысандарында жұмыс істеуде. Олардың өз жетекшілері, бас инженерлері бар. Бұлар жеке тұлғалар болса да бір саты заңды тұлға – кооперативтерге жақын. Сондықтан, олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жер үлестерін, қосалқы жалдауды заңдастыру, кооперативтердің субсидияларын жетілдіру мәселелерін шешу керек. Төртінші мәселе, – Ұжымдық заңды мекеме сияқты кооперативтерде міндетті ішкі аудит жүргізіліп, нәтижесі жалпы жиналысқа дейін хабарланып отыруы тиіс. Сол арқылы дивидентер беру мәселесі талқыланып, шешіліп отырады. Біздің ірі акционерлік қоғамдарда, Ресейде, Германияда, басқа елдердің кооперативтерінде де солай. Біз алдыңғы қатарлы 30 ел қатарына кіреміз десек, неге олай жасамасқа? Осы тәжірибелерді еске түсіру өте маңызды. Ерікті ішкі аудит жүргізу барысында кооперативтердің көбінде бухгалтерлік есебі өз дәрежесінде жүргізілмейтіні анықталды. Көп жерде оны жүргізу өңдеу кәсіпорындарының, салық, статистика комитеттерінің қызметкерлеріне немесе оның жанында отырған бухгалтерлеріне жанама қызмет ретінде жүктелген. Өте сирек кооперативтерде бас бухгалтерлері бар.

    Жаңа қабылданатын «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» ҚР Заңына «Ауыл шаруашылығы кооперативі кемінде екі жылда бір рет ауыл шаруашылығы кооперативінің қаржы-шаруашылық қызметіне ішкі аудит жүргізуге міндетті» деген өзгеріс енгізілсе ішкі аудиттің сапалы өткізілуіне біршама әсерін тигізер еді. Осы ұсыныстардың бәрі фермерлер мен кооперативтерді дамыту заңдылықтарына реформалар керек екенін көрсетеді.

    Қазақстан фермерлер қауымдастығы Жетісу облысы филиалының басқарма төрағасы

    ҚР Ұлттық Агралық ғылым академиясының академигі, ҚР тәуелсіз аудиторы, экономика ғылымдарының докторы

    Асқар Қалиұлы Шәріпов

    24.,03.2026ж