Перейти к содержимому

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында 2026 жылғы суармалы маусымға дайындық мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді

    Кездесуге Түркістан облысы бойынша фермерлер қауымдастығының төрағасы Тұрғанбек Үсенбекұлы Оспанов, Мақтаарал ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, сондай-ақ «Казсушар» МӨБ мамандары қатысты.

    Иіржар, Бірлік және Еңбекші ауылдық округтерінде өткен кездесулер барысында шаруаларға суды көп талап ететін дақылдарды, оның ішінде күріш дақылын 2026 жылы екпеу қажеттігі түсіндірілді. Мамандар күріштің орнына жүгері және басқа да суды аз қажет ететін дақылдарды егуге кеңес берді.

    Мамандардың айтуынша, 2025 жылы өңірде ағын су тапшылығы орын алып, суару маусымы күрделі жағдайда өтті. Ал биыл тау бөктеріндегі қар жамылғысының аз болуы су ресурстарының көлеміне әсер етуі мүмкін.

    Биыл ағын судың тапшылығына байланысты «Достық» магистральды каналы арқылы Мақтаарал және Жетісай аудандарына барлығы 910 млн м³ су лимиті бөлінді (сұраныс – 1 116,0 млн м³). Бұл жыл сайын бөлінетін су мөлшерінен шамамен 20%-ға төмен.

    Осыған байланысты өңірде су үнемдеу шаралары күшейтіліп, шаруаларға суды тиімді пайдалану және баламалы дақылдарды егу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.