Өткен айдың соңында Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Қаржы министрлігіне, Аграрлық несие корпорациясына Қауымдастықтың Жамбыл облыстық филиалының басшысы Д.Ә.Сұлтанбековтың оңтүстік өңірдегі өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру саласында туындаған бірқатар проблемаларға қатысты өтінішінің көшірмесін жолдап, мәселелені шешуге көмек көрсетуді сұрағанбыз.
Бүгін сол хатымызға Аграрлық несие корпорациясынан жауап келді.
Жауапқа сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сақтандыру қорғанысына қол жеткізуін шектеуге жол бермеу мақсатында Корпорация Агросақтандыру қауымдастығымен және халықаралық қайта сақтандыру ұйымдарымен бірлесіп, оңтүстік өңірлердің шаруалары үшін топырақ ылғалдылығы тапшылығының индексіне негізделген сақтандыру өнімдері бойынша өтінімдерді қабылдау мерзімін 2026 жылғы 27 ақпанға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
Осы орайда Қауымдастық өз тарапынан осындай жергілікті филиал басшылары, сондай-ақ қарапайым фермерлер көтеріп отыратын проблемаларды тиісті органдарға жеткізіп, сол мәселелерді шешуге көмек көрсету бойынша жүйелі жұмыстарды одан әрі де жалғастырады.