Перейти к содержимому

    10 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері қорытындыланып, алдағы кезеңге Үкіметтің негізгі міндеттері белгіленді.

    Отырыста Президент ауыл шаруашылығы мәселесіне ерекше назар аударды және мына мәселелер туралы басып айтты.

    Бірінші. «Елімізде мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Бірақ біз осы әлеуетімізді дұрыс пайдаланбай отырмыз» деді Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, мал шаруашылығының даму стратегиясы да, қарқыны да мардымсыз, түсініксіз, кешенді жүйе жоқ. «Бұл салада шешімін таппай тұрған мәселе көп. Өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда және шаруа қожалықтарында өндіріледі. Елімізде жем-шөп қорын даярлаудан бастап, өнімді өңдеу, жеткізу, сату үдерісі біртұтас жүйе ретінде жолға қойылмаған».

    Екінші. Президент шағын шаруашылықтарды кооперацияға біріктіру қажеттігін атап өтті. «Шаруаларды жаңа үлгідегі кооператив құруға ынталандыру керек. Ол үшін Үкімет батыл шаралар қабылдауға тиіс. 1 қыркүйекке дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заң дайындау қажет».

    Үшінші. Президенттің пікірінше, шаруаларды мемлекеттік қолдау жүйесі барынша ашық болуы керек. «Қазір бұл жүйенің күмәнді, көлеңкелі тұстары көп. Үкімет жыл соңына дейін ақпараттық жүйелерді біріктіру жұмысын аяқтауға тиіс. Бұл қадам субсидиялау үдерісін цифрландырып, шаруалардың міндеттемелерін бақылауға алуға мүмкіндік береді».

    Төртінші. Мемлекет басшысы ветеринарлық қауіпсіздік жүйесінің сапасына назар аударды. «Ашығын айтқанда, Қазақстанда бұл сала кенжелеп тұр. Еліміздегі 168 зертхананың 27-сі ғана халықаралық стандартқа сай келеді. Мал дәрігерлерінің жұмысы толық бақылауға алынбаған. Бұл саланы біржола тәртіпке келтіру қажет. Үкімет ветеринария саласын дамытудың кешенді бағдарламасын үш айдың ішінде қабылдауға тиіс».

    Бесінші. Президент ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына да нарыққа қайшы шектеулер қойылғанын атап өтті. «Шешімді қабылдар алдында оның салдары қандай болатынын ешкім ойламайды. Не себепті бұлай жасалып жатқанын түсіну қиын емес. Себебі нарықты дамытқаннан гөрі оған шектеу қою – әлдеқайда оңай. Мұндай әрекетті тоқтату керек. Үкімет бизнес қауымдастығымен бірлесе отырып, тамақ өнеркәсібін дамытуға қатысты жүйелі шаралар қабылдауға тиіс».

    Осылайша Президент, ауыл – ел болашағының негізі екенін тағы да басып айтты.

    Осы орайда, отырыста көтерілген осы аталып өткен мәселелердің маңыздылығын ескеріп, Мемлекет басшысы айтқан еліміздің, оның ішінде, ауыл шаруашылығының дамуындағы басым бағыттарды Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы толықтай қолдайды.

    Мемлекет басшысының Үкіметке жүктеген барлық тапсырмалары орындалады деген үміттеміз және еліміздің жарқын болашағына мол сеніммен қараймыз!