Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаны толық әрі саналы түрде қолдайды. Бұл реформа – уақыт талабы, мемлекеттің болашағын айқындайтын стратегиялық шешім.
Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып қана қоймай, заңның үстемдігін нақты өмірде қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шынайы қорғауға бағытталған. Әсіресе, бұл бастамалар ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына, фермерлердің еңбегін әділ бағалауға және олардың мүдделерін ашық қорғауға берік құқықтық негіз қалыптастырады.
Конституциялық реформа шеңберінде жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін күшейту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау және қоғамның шешім қабылдау үдерістеріне белсенді қатысуын кеңейту – ауылдық аумақтардың дамуына тың серпін береді. Бұл, өз кезегінде, фермерлердің экономикалық белсенділігін арттырып, ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға тікелей ықпал етеді.
Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы ел тағдырына әрдайым жауапкершілікпен қарайды. Біз мемлекеттің ұзақ мерзімді, орнықты дамуына бағытталған батыл әрі жүйелі реформаларды әрқашан қолдап келеміз. Ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер әділетті, ашық және жауапты Қазақстанды қалыптастыру жолындағы маңызды тарихи қадам деп білеміз.
Осыған орай, Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы барлық ауыл шаруашылығы саласының өкілдерін, ел азаматтарын конституциялық реформаны қолдауға, ел болашағы үшін саналы әрі жауапты таңдау жасауға шақырады.