Перейти к содержимому

    Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Рахметоллаұлы Егізбаевтың төрағалығымен «Етті мал шаруашылығын қолдау: мал басын көбейту және ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыру жөніндегі шаралар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

    Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин «Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары» туралы баяндама жасады. Аталған кешенді жоспарды әзірлеуге Қазақстан фермерлері қауымдастығы тікелей атсалысып, өз ұсыныстарымызды беріп, олардың біразы ескерілді. Әсіресе, орта және кіші буынды шаруа қожалықтарының, фермерлердің мал шаруашылығын дамытуларына басымдық берілетін болады.

    Қазақстан фермерлері қауымдастығы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ермек Абуов аталған іс-шараға қатысып өз ойын ортаға салды.

    Малдың басын көбейту үшін асылдандыру жұмыстарын оның ішінде малды өз төлінен өсіру бойынша ұрықтандыру жұмысын қолға алып, зоотехникалық нормативтерге сәйкес субсидия төлеу қажет. Нәтижесі 2-3 жылда көрінеді. Асыл тұқымды мал өнімді болғандықтан, одан алынатын өнім мол. Өнімділігі мол малдан алынатын өнімнің құны да арзан және бәсекеге қабілетті.

    Ел ішінде отандық асыл тұқымды аналық мал басын (қазақтың ақбас, әулиекөл) сатып алуға баса назар аудару қажет. Себебі, қазақтың даласына әбден үйренген өзіміздің сиырлардың басын көбейту – бірінші кезектегі міндет болып қалу керек.

    Етті бағыттағы ірі қара малды импорттауды (шет елден әкелуді) тоқтату қажет. Тек қана селекциялық асыл тұқымдық жұмыс жүргізу үшін импорттауға болады. Малдың генетикалық әлеуетін арттырып және селекциялық асыл тұқымды жүргізудің арқасында сүт және ет өндірісі көлемін арттыруға болады.

    ««АСЫЛ ТҮЛІК» Республикалық мал шаруашылығын асылдандыру орталығы» акционерлік қоғамы жергілікті жерге бейімделген және шетелдік жоғары өнімді асыл тұқымды материалдармен отандық тауар өндірушілерді қол жетімді бағамен сұраныстарын қамтамасыз етуге мүмкіншілігі бар.

    Ет және сүт өнімдерін өндіруді дамытуға келетін болсақ, жеке қосалқы шаруашылықтар мен шағын шаруашылықтарды болашақ орта фермерлердің әлеуеті ретінде тану қажет. Жеке қосалқы шаруашылықтар мен шағын шаруашылықтардың әлеуетін жоққа шығаруға болмайды. Статистика мәліметі бойынша мал шаруашылығы саласында олар мал басының 90 пайыздан көбін құрайды. Осы орайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі мал басының нақты есебіне көңіл бөлу қажет. Себебі, статистика мәліметі күман тудырады.

    Жеке қосалқы шаруашылықтар мен шағын шаруашылықтардың әлеуеті пайдаланылған жағдайда мал шаруашылығын дамыту жобасын іске асыру аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді, азық-түлік қауіпсіздігін сақтап қана қоймай, экспорттың әлеуеті артады.

    Сонымен қатар, Қазақстан фермерлері қауымдастығы ірі қара малды бордақылаумен айналысатын және қазіргі уақытта ішкі нарыққа айтарлықтай көлемде сиыр етін жеткізетін шағын өндірушілер, ірі өндірушілер сияқты, мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқылы деп есептейміз.