Перейти к содержимому

    21.01.2025 жылы Сарқанд ауданында фермерлердің сұрауы бойынша «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» Жетісу облысы филиалы басшылығы, «ҚазАгроҚаржы» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалдары басшыларымен бірлескен жиналысы екі жерде өтті. Бірі, аудан орталығы Сарқанд қаласында, оған 120 фермер, екіншісі Балқаш көлінің жағалауында орналасқан Лепсі ауылында, оған 80 фермер қатысты. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасары Қалиасқаров Асхат Мейрамғалиевич, аудандық ауыл шаруашылық басқармасының мамандары, 12 ауылдық округ әкімдері қатысты.

    Фермерлер қауымы алдында өткен жылға есеп беріліп, маңызды сұрақтар бойынша пікір алмастық. Бес пайыздық несиенің шығу тарихы және соған сәйкес алғашқы рет техника жаңартуға Республикада 50 млрд тенгенің бөлініп, қазір оның 5 есе көбейіп 200 млрд теңгеге жеткенінде ҚФҚ басшылығының, Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтің еңбегінің зор екенін атап өтілді. Қазір Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесі жылдық 18 пайыз деңгейінде болып тұрған кезде, екінші деңгейлі коммерциялық банктер 4-6 пайыз пайдаларын қосып, оны халыққа 22-24 пайызбен беріп жатыр. Осындай жағдайда фермерлерге 5 пайыздан несие беру, Үкіметтің ауыл шаруашылығы үшін көрсетілген үлкен көмегі екені айтылды. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингіне беру және басқада несие бағдарламалары, ауыл шаруашылығында дрондарды пайдалану, жаңа Салық кодексіндегі фермерлерге қатысты өзгерістер бойынша толық қанды түсініктемелер берілді. Кепілдігі жетпеген фермерлерге Даму қоры арқылы 85 пайызына қосымша кепілдік берілетіні айтылды. Фермерлер мал шаруашылығында несиелеу және тамшылатып суару жүйелерін енгізу жолдарына қызығушылық білдірді. Одан басқа, фермерлер пайыздық айырма субсидияларының кешеуілдеп берілуі себептерін сұрады. Кейбір фермерлер соған байланысты малдарын сатып, несиені төлеп жатқанын алға тартты. Мал шаруашылығында дрондармен мал бағуға фермерлер үлкен қызығушылық білдірді. Аудан әкімшілігі келесі жылдары Балқаш көлінің жағалауында демалыс орындарының инфрақұрылымдары салынып, жолдардың жөнделуіне байланысты демалушылар, туристер саны көбейетін айтты. Соған байланысты Балқаш жағалауындағы фермерлерге мал шаруашылығымен ғана емес, жеміс-көкөніспен шұғылданудың қажеттілігі, оның тиімділігі туралы нақты мысалдармен түсіндірілді. Бұл жұмысты ауылдық округ әкімдері қоғамдық кеңес, фермерлермен бірлесіп ұйымдастыру керектігі сараланды.

    Қазіргі кезде фермерлермен үгіт-насихат, түсіндіру жұмысын жүргізу бүгінгі күннің өзекті талабы.

    ҚФҚ Жетісу облысы филиалы басқарма төрағасы Асқар Қалиұлы Шәріпов