Перейти к содержимому

    Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Әбдікәрімұлы Бектаевтың төрағалығымен

    «Мал шаруашылығын дамыту перспективалары және ет және ет өнімдерін өндіру мен сату мәселелері» тақырыбында Комитеттің кеңейтілген отырысы өтті.

    Отырыста Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин «Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары» туралы баяндама жасады. Аталған жоспар мал басын көбейтуге, өнімділікті арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған.

    Айта кету керек, бұл кешенді жоспарды әзірлеуге Қазақстан фермерлері қауымдастығы тікелей атсалысып, өз ұсыныстарын енгізді. Жоспарда орта және кіші буынды шаруа қожалықтары мен фермерлердің мал шаруашылығын дамытуына басымдық берілген.

    Отырыс барысында Қазақстан фермерлері қауымдастығы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ермек Абуов саланың бірқатар проблемалық мәселелеріне тоқталды.

    Атап айтқанда, экспортты шектеу немесе тауар өндірушілердің бағасын бақылау бойынша кез келген шаралар қауіпті екені айтылды. Мемлекеттің фермерлердің ісіне шамадан тыс араласуы олардың бизнесін алдын ала жоспарлап, тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіреді.

    Фермерлерге барынша қолайлы жағдай жасалуы тиіс – малын экспортқа өткізу ме, әлде ішкі нарыққа сату ма, бұл фермер үшін экономикалық тұрғыда тиімді болуы қажет.

    Сондай-ақ малдың өнімділігін арттыруда құрама жемнің маңызы зор екені атап өтілді. Осыған байланысты құрама жем өндірісін дамыту, ірі шаруашылықтармен қатар фермерлік және шаруа қожалықтарына арналған құрама жем өндірісін субсидиялау қажеттігі жеткізілді.