Бүгін Қазақстан фермерлер қауымдастығында Қытай Халық Республикасы Гуанси-Чжуан ауданы Сауда басқармасының басшысы Су Цзянь мырза бастаған делегациямен мазмұнды кездесу өтті. Кездесу барысында екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың өзекті бағыттары жан-жақты талқыланды.
Қытайлық әріптестер ауыл шаруашылығы техникаларына, соның ішінде тракторлар мен комбайндарға, олардың қосалқы бөлшектеріне, сондай-ақ астық өндірісі, оны өңдеу және сақтау мәселелеріне ерекше қызығушылық танытты. Бұдан бөлек, суару жүйелері, су үнемдейтін және заманауи агротехнологияларды енгізу бағыттары бойынша да пікір алмасу болды.
Делегация өкілдері ауыл шаруашылығының барлық дерлік салаларына инвестиция салуға дайын екендерін білдіріп, нақты жобалар аясында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендерін жеткізді. Мұндай кездесулер отандық фермерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, аграрлық сектордың технологиялық жаңғыруына серпін береді деп сенемін.
Сондай-ақ, кездесуге Қазақстан фермерлер қауымдастығының өңірлердегі филиалдары бейнеконференцбайланыс арқылы қосылып, өз өңірлеріндегі нақты жағдайлар, өзекті мәселелер мен инвестициялық мүмкіндіктер жөнінде пікір алмасты. Өңірлік өкілдердің ұсыныстары мен сұрақтары қытайлық делегация тарапынан қызығушылықпен қабылданып, ынтымақтастықты тікелей өңірлер деңгейінде дамытуға дайын екендіктерін көрсетті.
Қазақстан фермерлер қауымдастығы алдағы уақытта да шетелдік серіктестермен ашық диалог орнатып, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған нақты бастамаларды қолдай береді.





