19 қарашада Қарағанды қаласында өңірдің ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін құрметтеуге арналған салтанатты жиналыс өтті.
Аталмыш іс-шараға Қауымдастықтың Басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов қатысып, Қауымдастықтың атынан Қарағанды облысының ауыл еңбеккерлерін мерекемен құттықтады.
«…Бұл мереке – бір ғана сала мамандарының мейрамы емес. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін, халықтың тұрмысын, ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етіп жүрген сіздердің маңдай терлеріңізге деген құрметтің белгісі…
Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы сіздермен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығын дамытудың тың жолдарын ашуға, фермерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, бәсекеге қабілетті шаруашылықтарды қалыптастыруға барынша күш салып келеді.
Бірақ қандай технология келсе де, ауылдың негізгі күші – адам. Таңның атысы, күннің батысы демей, аптап ыстықта да, қара суықта да жер игеріп, мал бағып, өнім өндіріп жүрген сіздер – нағыз еңбектің символысыздар. Жер – сенім артқан адамға ғана берекесін береді. Ал сіздер соған лайықтысыздар…»
Содан соң Әкпар Мәуленов бірқатар ауыл шаруашылығы саласының ардагерлерін (барлығы 14 адам) Қауымдастықтың ұсынуымен «Құрметті ардагер» төсбелгісімен марапаттады.
Мерекеміз құтты болсын, береке-бірлігіміз, еңбегіміздің жемісі арта берсін!

