19 қарашада Қауымдастықтың орталық кеңсесінде Jiangsu SOHO Holdings Group-Цзянсу провинциясындағы ірі мемлекеттік кәсіпорындар тобы өкілдерімен кездестік.
SOHO Holdings Group астық, май және тамақ өнімдері және т. б. сияқты тауарларды импорттау-экспорттауды жүзеге асырады.
Кездесу барысында Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ермек Әбуов Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы әлеуеті мен екі ел арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы қысқаша баяндап берді.
Қытай делегациясының өкілдері біздің елге жасалған іссапардың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы байланыстарды нығайтып, сыртқы сауданың инновациялық дамуына жәрдемдесу, Орталық Азиядағы нарық үлесін нығайту және кеңейту, отандық кәсіпорындардың халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өңірлік экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және екіжақты сауданы кеңейту, отандық ауыл шаруашылығы тауарын Қытай нарығына шығару, сондай-ақ жан-жақты және көпсалалы алмасу мен ынтымақтастықты тереңдету үшін 2026 жылы Алматыда Халықаралық импорт-экспорт көрмесін өткізу туралы сөз қозғады. Көрмеге Қытай тарапынан азық-түлік тауарларын сатып алатын бизнес өкілдері қатысатынын хабарлады.
Кездесуді қорытындылай келе Ермек Әбуов келешекте бірлесіп, ынтымақтастықта өзара тиімді жұмыс істеу қажеттігін алға тартып, Қауымдастық тарапынан Алматыда өтетін көрмеге отандық тауар өндірушілерді тартуға қол ұшын беруге дайын екендігін білдірді.
