Бүгін «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ депутаттық фракциясы ұйымдастыруымен «Экономиканы жаңа талаптарға сай басқару, Қоғамды одан әрі демократияландыру және Әділетті Қазақстан қағидаттарын дәйекті түрде орнықтыру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстелдің модераторы – ҚХП Төраға орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов болды.
Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, азаматтық белсенділер және партия мүшелері қатысты.
Қауымдастықтың Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ермек Әбуов аталған іс-шараға қатысып Ауыл шаруашылығы саласына қатысты Президент көтерген әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керектігіне тоқтала кетті.
Бірталай жыл бойы мемлекеттік органдар инфляция мен азық-түлік бағасының қарыштап өсе беруіне тосқауыл бола алмады, үйреншікті жолмен жүре берсе, тосқауыл бола алмайды да. Қолда бар мүмкіншілікті пайдалана алмай отырмыз. Қазіргі таңда фермерлік және жеке қосалқы шаруашылықтардың ең басты проблемасы ауыл шаруашылығы өнімін өткізу жүйесінің жетілмегендігінен өндірген өнімдерін нарықтағы бағамен сауда орындарына жеткізе алмауы. Мысалы, сиыр етінің 1 кг 2400-2900 теңгеден алыпсатарларға өткізуде. Ал, сауда орындарында ішкі нарықта халыққа 4500-5800 теңгеге сатылуда. Сондай-ақ, картоптың 1 кг фермерлер 85 тенгеге өткізуде, ал сауда орындарында баға шарықтап 161-250 тенге қарапайым халыққа сатылуда. Азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан дұрыс бақылаудың болмауынан осындай жағдай орын алып отыр.
Осы орайда, «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ депутаттық фракциясына жыл қорытындысы бойынша Президент көтерген дайын өнімді өндірістен делдалсыз дүкен сөресіне дейін жеткізетін желінің қаншалықты іс жүзінде іске асып жатқаны туралы өкілетті мемлекеттік органдардың және фермерлердің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастыруын ұсынды.


