Жолдау аясында әлеуметтік-экономикалық мәселелермен қатар, заманауи технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығару негізгі басымдық ретінде белгіленді. Президент агро саланы дамытуға ерекше назар аударды. Қазақстан аграрлық ел ретінде ішкі нарықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдік экспортта да бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін аграрлық экспорт жоспарын қайта қаралып, логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар, сондай-ақ сауатты маркетингтік стратегия ескерілуі керек. Қазақстан осы жылы алғаш рет Вьетнамға бидай жеткізді. Енді Ауғанстан, Пәкістан нарығына жеткізу қарастырылып жатыр.
Өзекті міндеттердің бірі – агрохабтар мен логистика орталықтарын дамыту. Дегенмен аймақтарда миллиондаған гектар жер игерілмей, бос жатыр. Ол қайтарылып, қадірін білетін азаматтарға беріледі. Әкімдерге 2026 жылдың ортасына дейін ауыл шаруашылығына қажетті бос жерді тұрақты айналымға енгізу тапсырылды. Бұл шара арқылы жайылым мәселесі де шешілмек. Жалпы, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет. Сол үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Осыған орай, жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс.
Ауыл шаруашылығы саласында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу басты міндеттердің бірі болмақшы. Бұл бағыт агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыруға және ауыл аймақтарының дамуына жаңа серпін беруге қабілетті. Елде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады.Қазақстан үш жылда цифрлық ел болуы керек.
Президент атап өткендей, жасанды интеллект пен цифрландыру тиімділікті арттырып қана қоймай, ресурстарды үнемдеуге, өнім сапасын жақсартуға және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге жол ашады. Жасанды интеллект, цифрландыру, ауыл шаруашылығы – бәрі еліміздің болашағы үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынына сенімдіміз. Осы орайда облысымызда Ауыл партиясының бастауымен 09.09.2025 жылы жасанды интеллект пен цифрландыру тиімділігін арттыру бойынша фермерлермен семинар өткізілді. Бұл Жолдау біз үшін тек саяси құжат емес, іс-қимылға шақыру болды. Әрқайсымыз өз саламызда еңбек ете отырып, осы бастамаларды жүзеге асыруға үлес қосуымыз керек.
ҚФҚ Жетісу облысы бойынша фермерлер қауымдастығы филиалы басқарма төрағасы А.Қ. Шәріпов
10.09.2025ж
