Перейти к содержимому

Жолдауға қатысты

    Бүгінгі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыруға қатысты тиісті міндеттерді белгіледі.

    Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Президент көтерген бастамаларға ғана тоқталуды жөн көрдік.

    Бірінші. «Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек».

    Осы орайда Мемлекет басшысы «Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру» үшін бөлінген қаражатты тиімді пайдалану қажеттілігін атады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жобалардың ауқымын кеңейту және әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керектігіне және агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасауға назар аударды.

    Екінші. «Ең өзекті міндеттің бірі – агрохабтар және логистика орталықтарын дамыту».

    Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Басты мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз етіп, экспорттың әлеуетін арттыру. Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті.

    Бұған қоса, дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек. Сондықтан аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиіс. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органның ортақ міндеті. Сондықтан іс-әрекеттерді Үкімет басшылығы деңгейінде үйлестіріп отыру керек.

    Осы орайда қоғамдық ұйымдар да атсалысуы тиіс. Олар нарықты зерттеп, өндірушілердің мүддесін қорғап, шетелдік серіктестермен байланыс орнатуға көмектеседі. Бұл ынтымақтастық ұлттық өнімдерді ілгерілетудің тиімді тетігі болмақ.

    Еуразия экономика одағына мүше басқа мемлекеттердің кәсіпорындарымен салыстырғанда, біздің кәсіпкерлеріміздің қажетті мөлшерде мемлекеттік қолдауға ие болмай отырғаны анықталды. Сол себепті, олар тиімсіз жағдайға тап болып, ішкі нарықтың өзінде бәсекелестеріне есе жіберіп жатыр. Бұл жерде сүт өндірушілер туралы сөз болып отыр» деп Президент атап өтті.

    Үшінші. «Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру керек».

    «Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек. Жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам қайтарылған жердің, әкімдіктер 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген.

    Осы орайда, әкімдіктерге қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керектігін айтты. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс.

    Жалпы, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет. Сол үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Осыған орай, жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. Үкімет жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгертулер ұсынуы қажет.

    Бұл салада цифрлық технологияларды және жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру және жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу керек екенін атап өтті.

    Төртінші. «Су мәселесін шешу».

    Бұл ретте Мемлекет басшысы әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі екенін атап өтті. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Арнайы министрлік құрылды. Осыған орай кәсіби кадрларды дайындау және су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет.

    Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек.

    Су үнемдейтін технологияны енгізу үшін белгілі шетелдік компанияларды тартқан жөн. Сондай-ақ Қытайда жасалған әлемдегі ең озық технологияларды сатып алуға болатынын айтты.

    Бесінші. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет».

    Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал, тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызы ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар.

    Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс.

    Ветеринария мен фитопатологияның кенжелеп қалуы агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін айтарлықтай шектеп отыр. Осы мәселеге айрықша назар аударған жөн» деп атап өтті Президент.

    Алтыншы. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады.

    Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады. Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр.

    Алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді.

    Азаматтардың өндіріске барғаны абзал. Мемлекет барынша қажетті жағдай жасап, оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндет. Мемлекет басшысы, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керектігіне назар аударды

    Қазақстан фермерлері қауымдастығы Жолдауда көтерілген осы аталып өткен мәселелердің маңыздылығын ескеріп, Мемлекет басшысы айтқан еліміздің, оның ішінде, ауыл шаруашылығының дамуындағы басым бағыттарды толықтай қолдайды.

    Мемлекет басшысының Үкіметке жүктеген барлық тапсырмалары орындалады деген үміттеміз және еліміздің жарқын болашағына мол сеніммен қараймыз!

    Қазақстан фермерлері қауымдастығы