Перейти к содержимому

10 маусымда Басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов Сенаттың Аграрлық мәселелер

    10 маусымда Басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің ұйымдастыруымен А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығында өткен «Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциялық және тұқым шаруашылығын дамытудың проблемалары мен перспективалары» тақырыбындағы кеңейтілген отырысқа қатысып, «Тұқым шаруашылығының проблемалары» тақырыбында баяндама жасады.

    Тұқым шаруашылығы – ауыл шаруашылығының негізін құрайтын маңызды салалардың бірі. Өнімділік, сапа және ауыл шаруашылығы дақылдарының тұрақты дамуы көбінесе тұқым сапасына байланысты.

    Баяндамада саланың мынадай бірқатар түйткілді мәселелері көтерілді:

     сапалы тұқым қоры жеткіліксіз, шаруалар шетелдік тұқымдарға тәуелді;

     тұқым сапасын бақылау жүйесі әлсіз, тұқым шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарға тексеріс жүргізіп, қайта аттестаттау қажет;

     ғылыми зерттеу мен селекция жұмыстары жеткіліксіз, жеміс-жидек, көкөніс¬тердің барлығының тұқымын шетелден алдырып отырмыз, ақша шетелге кетіп жатыр;

     саланы мемлекеттік қолдау деңгейі төмен, тұқым шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдетілген несие бағдарламалары жеткіліксіз;

     инфрақұрылым мен технологиялар артта қалған, тұқым өңдейтін және сақтайтын зауыттар ескі технологиялармен жұмыс істейді, сақтау орындары халықаралық стандарттарға сай келмейді;

     кадр тапшылығы бар, жоғары білікті мамандар жетіспейді, ғылыми қызметкерлердің жалақысы өте аз, мұндай төмен еңбекақы жас мамандарды ынталандыруға, ғылыми әлеуетті нығайтуға кедергі келтіреді.

    Тұқым шаруашылығын дамыту – аграрлық сектордың табысты болуының басты кепілі екені баршаға мәлім. Сапалы тұқым болмаса, өнімділік те, тұрақты даму да болмайды. Сондықтан бұл салаға кешенді мемлекеттік қолдау, заманауи технологияларды енгізу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру және кадр даярлау ісін жолға қою – аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады.