Бірқатар шаруа қожалықтарды аралады
Бүгін іссапары барысында «Қазақстан фермерлері Қауымдастығы» Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ермек Абуов, аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков, “Қазақстан Фермерлерінің Қауымдастығы” Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы Дулат Султанбеков, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркебай Рсалиев Байзақ ауданындағы бірқатар шаруа қожалықтарды аралап, ондағы фермерлердің жай-күйімен және көктемгі дала жұмыстарымен танысты.
«Алель АГРО» АҚ-ы Жамбыл филиалы құс етін өндіретін фабрикасында болды. Көктал ауылында орналасқан ет бағытындағы асыл тұқымды құстар мен балапандарды өсіретін фабрикада құс өсіретін орынның құрылыс жұмыстарын көрді. Жоба толық іске асырылған жағдайда жылына 70 800 тонна құс еті өндіріліп, Қазақстан және ТМД мемлекеттеріне нарыққа шығару жоспарлануда.
Сонымен қатар, Мырзатай ауылдық округіндегі «Шерхан» шаруа қожалығының 25 гектар пияз және 17 гектар қант қызылшасы алқабында болды. Қожалық жетекшісі Өркен Рахымбеков он бес жылдық тәжірибесімен бөлісіп, тамшылатып суару әдісінің тиімділігін алға тартты. Мұнда үш адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алқаптарға егілген тұқымдар Турция мен Германия елдерінен әкелінгенін жеткізді.
Бір өзі бірнеше тірліктің бел ортасында тынбай еңбектеніп жүрген «Қожеке» шаруа қожалығының жетекшісі Төребек Матаевтың атқарып отырған жұмыстарын аралады. 30 сотық аумақты алып жатқан қысқы жылыжайдағы перец пен қызанақ өнімдері, қаңтар айының басында егілген көкөніс наурыз айынан бері өнім беріп, Алматы қаласына жөнелтіліп жатыр екен. Күнде 700-800 келі өнімді оннан астам адам жұмысшы жинау үстінде. Бұдан бөлек, 2,5 гектар жаздық жылыжайда арнайы тапсырыспен Турциядан алдырылған қызанақ жайқалып тұр. Ол аз десеңіз шаруа киви, қызыл банан өсіруді де қолға алған. Қожалық егін шаруашылығына қосымша құс, балық шаруашылығын да жүргізіп отыр. Әрі мүйізді ірі қара малдарын бордақылаумен де айналысуда.
Шаруа қауымның тынымсыз тірліктеріне тәнті болған Ермек Абуов олардың істеріне ризашылығын білдіріп, Дулат Әбенұлына жұмысшы мамандықтары жылына орай, осындай еңбекқор азаматтарды марапаттауға ұсыну керектігін тапсырды.