Қазақстан фермерлері қауымдастығының
Басқарма төрағасының бірінші орынбасары
Е. Абуовтың «Мал асылдандыру ісін және
оны ғылыми қамтамасыз етуде қолданыстағы
нормативті- құқықтық актілері мен мемлекеттік
қолдау тетіктерін жетілдіру арқылы дамыту»
тақырыбында 2025 жылғы 02 сәуірде
сөйлеген сөзі
Құрметті Тілектес Исабайұлы!
Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар!
Қазіргі таңда заман талабына сай, мал тұқымын асылдандыру жұмысы ауыл шаруашылығындағы маңызды мәселенің бірі.
Асыл тұқымды мал – табыс көзі. Оның қай салаға болсын тигізетін әсері мол.
Бүгінгі таңда, мал шаруашылығы саласы шындығында үлкен мүмкіндіктерге ие.
Алайда, Қазақстан фермерлерінің қауымдастығын мал шаруашылығының қазіргі жағдайы алаңдатпай қоймайды.
Соңғы жылдары елімізде мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде оң өсім байқалғанымен, 1990 жылғы көрсеткіштерге жеткен жоқ. Статистика мәліметіне сүйенсек 2024 жылдың қорытындысы бойынша шаруашылықтардың барлық санаттарында еттің барлық түрлерін өндіру (сойыс салмақта) 1991 жылмен салыстырғанда – 357 мың тоннаға және сүт өндіру 1 984 мың тоннаға азайған.
Қазақстандағы мал шаруашылығының даму тарихына көз жүгіртсек, 1991 жылға дейін мал басы өсіп, 1991–1998 жылдары күрт азайып кетті. Мал басының өсу кезеңінде мал сапасының артуы байқалып, асыл тұқымды мал үлесі жақсы көрсеткішке жетті. Мысалы, 1991 жылдары ірі қара саласында тұқымды мал 40%- құраса, 2025 жылғы 1 қаңтардағы Ауыл шаруашылығы министрінің дерегі бойынша асыл тұқымды ірі қара малдың жалпы басына шаққандағы үлесі 11,8%-ыз, қой шаруашылығында асыл тұқымды мал 50%-дан астамын құраса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 16,7 %-дан аспай отыр.
Соңғы жылдары мал шаруашылығын дамытуда құзыретті мемлекеттік органдар тарапынан жіберген кемшіліктерге байланысты, өкінішке орай, біз әлі күнге дейін ішкі нарығымызды өз өнімдерімізбен толықтай қамти алмай отырмыз. Себебі, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне беріліп жатқан субсидиялар мен несиелер, негізінен ірі шаруаларға ғана қол жетімді, жем-шөп азығымен қамтамасыз етудің жеткіліксіз деңгейі, селекциялық және асылдандыру жұмыстарының төмен деңгейде дамуы мен, малдың генетикалық әлеуетінің төмендігі себеп болуда.
Малдың басын көбейту үшін асылдандыру жұмыстарын оның ішінде малды өз төлінен өсіру бойынша ұрықтандыру жұмысын қолға алып, зоотехникалық нормативтерге сәйкес субсидия төлеу қажет. Нәтижесі 2-3 жылда көрінеді. Асыл тұқымды мал өнімді болғандықтан, одан алынатын өнім мол. Өнімділігі мол малдан алынатын өнімнің құны да арзан және бәсекеге қабілетті.
Ел ішінде отандық асыл тұқымды аналық мал басын (қазақтың ақбас, әулиекөл және т.б.) сатып алуға жағдай жасау. Себебі, қазақтың даласына әбден үйренген өзіміздің сиырлардың басын көбейту – бірінші кезектегі міндет болып қала бермек.
Ірі қара малды импорттауды (шет елден әкелуді) тоқтату қажет. Тек қана селекциялық асыл тұқымдық жұмыс жүргізу үшін импорттауға болады. Малдың генетикалық әлеуетін арттырып және селекциялық асыл тұқымды жүргізудің арқасында сүт, ет өндірісі көлемін арттыруға болады.
Сонымен қатар, «Асыл Түлік» республикалық асыл тұқымды мал шаруашылығы орталығы» жергілікті жерге бейімделген және шетелдік жоғары өнімді асыл тұқымды материалдармен отандық тауар өндірушілерді қол жетімді бағамен сұраныстарын қамтамасыз етуге мүмкіншілігі бар.
Қазақстанда асыл тұқымды мал басын есепке алуды республикалық палаталар жүзеге асырады. Ресей мен Беларуссияда шаруашылық жүргізуші субъектілерді есепке алу, тіркеу және мәртебе беру мемлекеттік асыл тұқымды қызметпен жүргізіледі және ең бастысы асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында қатаң мемлекеттік бақылау сақталған.
Осыған орай, Министрлік асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтіп, малдарды есепке алу тәртібін реттеу керек деп есептейміз.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы Заңының нормаларын сақтамай құрылған республикалық палаталарды реттеу қажет. Мәселен қой шаруашылығында 16 палата құрылып тіпті бір тұқым бірнеше палатада тіркелген жағдайлар бар. Жылқы шаруашылығында да өнімділік бағытындағы 2 палата заңға қайшы құрылған.
Осы мәселелерді асыл тұқымды мал шаруашылығы заңы аясында ретке келтіру қажет.