Перейти к содержимому

Отырыс

    Бүгін, а.ж. 13 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ж.М. Дайрабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Ауыл» партиясы фракциясының отырысы өтті.

    Күн тәртібінде: Ауыл шаруашылығы үшін ҚҚС-тың оңтайлы мөлшерін белгілеу жөніндегі ұсыныстарды қарау және Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексін талқылау бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің тобына ұсыныстар дайындау.

    Қазақстан фермерлері қауымдастығының Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Е. Абуов отырысқа қатысып, өз ойын ортаға салды.

    Өздеріңізге мәлім соңғы жылдары фермерлердің табыстары азайып, жағдайлары нашарлап кетті. Тіпті біраз шаруашылықтар банкротқа ұшырап, жабылып кетті және жабылып жатыр. Осындай жағдай жалғаса берсе еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтын жағдайға жетуіміз мүмкін.

    Осы орайда, Ауыл шаруашылығын толықтай салықтан босату фермерлердің өнім өндіруге деген ынтасын арттыруға және ауылдық аймақтардың экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал етеді.

    Сонымен қатар, бізді ойландырып отырған мәселелер бар, мысалы біздің фермерлер өндіретін ауыл шаруашылығы өнімнің өзіндік құнына шет елден әкелінетін түрлі тиыңайтқыштардың, пестицидтердің, ветеринарлық препараттардың, жем қоспаларының және т.б. қосымша құн салығы енеді. Бұл өндірген өнімнің сату бағасының қымбаттауына әсер етеді. Осы мәселені де ескерген жөн деп ойлаймыз.

    Жалпы фермерлерді салықтан толықтай босатуға мүмкіндік болмаған жағдайда олар үшін салық режимін бұрынғы қалпында қалдырған дұрыс деп есептейміз.