Перейти к содержимому

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті

    Онда көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды. Биыл 23,8 млн гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 518 мың гектарға артық. Дәнді және бұршақты дақылдардың егістік алқаптары шамамен 16,6 млн гектарды құрайды. Майлы дақылдардың ауданы 365 мың гектарға артып, 3,3 млн гектарға жетеді. Сондай-ақ картоп алқабын 14,9 мың гектарға ұлғайтып, аумақты 136,8 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Ал қарақұмық дақылдары 41,5 мың гектарға артып, 147 мың гектарды құрап отыр.

    📌 Биыл көктемгі дала жұмыстарын жеңілдетілген жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін 400 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді.

    📌 Операторлардың шығындарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының түпкілікті құны литріне 254 теңгені құрайды. Бұл нарықтық бағадан 13-15%-ға төмен.

    📌 Биыл егіншілік саласын қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Лизингке жұмсалатын қаражат 200 млрд теңгеге жетті.

    📌 Бүгінге дейін 1,3 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егісті ерте қаржыландыруға өтінім берді.

    📌 2024 жылы отандық тыңайтқыш өндірушілерге аванстық субсидиялар енгізілді. Бұл механизм фермерлердің тыңайтқыштарға деген қолжетімділігін арттырды. Нәтижесінде, тыңайтқыштарды енгізу деңгейі алғаш рет ғылыми негізделген талаптың 40 пайызынан асты, ал өткен жылдары ол 21 пайыздың төңірегінде болған еді.

    📌 2025 жылға арналған тыңайтқыш енгізу жоспары 1,9 млн тонна немесе ғылыми қажеттіліктің 59% құрайды.

    📌 Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы бүгінде шамамен 75 пайыз. Егін жұмыстары басталғанға дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу үшін жұмыстар жүргізілуде.

    📌 Жиын қорытындысында, Премьер-министр тарапынан нақты тапсырмалар беріліп, жоба-жоспарлар пысықталды.