6 ақпан күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі онлайн-режимінде өткізген ауылдық жерлерде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу құралдарын кеңейту мәселелері бойынша жұмыс кеңесіне қатыстық.
Жиналысқа қатысушылар ауылдық жерлердегі жұмыссыздықтың негізгі себептері мен халықты жұмыспен қамту жолдары туралы пікірлерін білдірді.
Біздің ойымызша ауылдық жерлерде жұмыссыздықты жою үшін мынадай мәселелерді қолға алу керек:
1. Жеке қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіру арқылы кооперативтер құру қажет, бұл елді-мекендерде жұмыссыздықты азайтумен қатар, ауыл шаруашылығы мен ауылдық елді мекендердің табысты дамуының негізі бола алады.
2. Жұмыссыз мәртебесін алған адамға жергілікті атқарушы орган ұсынған жұмыстан бас тартқан жағдайда ол мәртебеден айыратын заң ережесі болуы тиіс.
3. Әлеуметтік қамту мекемесіне тіркелген жұмыс іздеуші, ауыл әкімі және жұмыс беруші шаруа қожалығы тараптарынан үш жақты келісім шарт жасақталып, жұмыс іздеушіні тұрақты немесе маусымдық жұмыстарға жұмылдыру қажет.
4. Масылдықтың алдын алу үшін атаулы әлеуметтік көмекті мұқтаж адамдарға ғана беру керек. Үйінде қол-аяғы сау ер азаматы бар отбасына әлеуметтік көмек көрсетуді қайта қарап, азайту керек.
Ең бастысы, жиналыста айтылған ұсыныстар құр сөз болып қалмай, іс жүзінде жүзеге асырылса, нақты нәтиже болар еді.