Перейти к содержимому

Елімізде мал ұрлығы азайған

    Өткен жылы мал ұрлығының саны 30,5%-ға төмендеген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің онлайн-брифингінде ведомствоның ресми өкілі Шыңғыс Алекешев баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

    2024 жылы республика көлемінде 1026 мал ұрлығы тіркелген. Бұл алдыңғы жылғы жалпы ұрлықтың 3%-ын құрайды. Аталған фактілердің жартысынан көбі еркін жайылымда жасалған. Полиция 89 қылмыстық топты құрықтады. Олардың құрамында 572 мал ұрысы болған. Ұрланған малдың 4,5 мыңнан астамы табылып, заңды иелеріне қайтарылды. 

    «Жалпы қабылданған кешенді шаралардың арқасында соңғы бес жылда мал ұрлығы 64%-ға азайды. Қылмыстың осы түрімен күресті күшейту мақсатында Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнамалық, ұйымдастырушылық және практикалық шараларды тұрақты түрде жүргізеді», деді полиция департаменті бастығы  Шыңғыс Алекешев.

    Спикердің сөзінше, осындай қадамдардың бірі ретінде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін қабылдауды атап өтуге болады. Сондай-ақ жайылым ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік белгіленген. 2024 жылы 38,5 мыңнан астам осындай бұзушылық анықталды. Одан бөлек, мал ұрлығы үшін Қылмыстық кодекске жеке бап енгізілген. Онда мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

    Өткен жылы мал ұрлығына қарсы республикалық деңгейде 2 іс-шара, өңірлік деңгейде 76 іс-шара өткізілген.

    Ал биылғы жылдың қаңтар айында елімізде 69 мал ұрлығы тіркелді. 53 күдікті ұсталды. 10 қылмыстық топ әшкереленді. Ұрланған 450 малдың 134-і иелеріне қайтарылды.

    Малды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау үшін министрлік қарапайым ережелерді сақтауды ұсынады. Мәселен, малды қараусыз қалдырмау, GPS-трекерлерін орнату, малға ен салып, таңбалау және чиптеу – көптеген ұрлықтың алдын алатын іс-әрекеттер.