12 желтоқсанда Қауымдастықтың орталық кеңсесінде Дүнижүзілік банктің Еуропа мен Орталық Азия бойынша байланыс кеңесшісі Хосе-Мануель Бассатпен және Климаттың өзгеруі мен жасыл энергетика жөніндегі жобалық кеңсе басшысы Қуаныш Бейсенғазинмен кездестік.
Кездесу барысында Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ермек Әбуов Қауымдастықтың атқаратын жұмыстары, алға қойған міндеттері және жалпы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы әлеуеті туралы қысқаша айтып берді.
Қуаныш Бейсенғазин мен Хосе-Мануель Бассат Қауымдастықпен кездесу мақсаттары және ауыл шаруашылығы саласындағы байланыстарды нығайтып, одан әрі дамыту, оның ішінде көміртекті бейтараптыққа қол жеткізудің жол картасының байланыс стратегиясын құру және карбондық несиелеу туралы сөз қозғады.
Өз тарпымыздан Дүнижүзілік банкпен климаттың өзгеруі салдарларын жою жөнінде фермерлерге көмектесу, карбондық несиелеу шарттары мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс істеуге әзірлігімізді білдіріп, ұсыныстар бердік. Хосе-Мануель Бассат та, Қуаныш Бейсенғазин де ұсыныстарымызды мақұлдап, көмек көрсетуге дайын екендіктерін айтты.
Кездесуді қорытындылай келе Ермек Әбуов аталмыш кездесудің құр бос әңгіме болып қалмауын, келешекте бірлесіп, ынтымақтастықта өзара тиімді жұмыс істеу қажеттігін алға тартып, Қауымдастық тарапынан қол ұшын беруге әрдайым дайын екендігін білдірді.
Кездесу соңында өзара байланыс деректерімен алмасып, жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткіздік.