23 қыркүйекте Қауымдастықтың орталық кеңсесінде құс шаруашылығымен айналысатын 7 ірі компанияның өкілдерінен тұратын Қытай Халық Республикасының делегациясымен кездестік.
Бір жарым сағат өткен кездесу барысында Басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов Қауымдастықтың атқаратын жұмыстары, алға қойған міндеттері және жалпы Қазақстанның құс шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы әлеуеті мен екі ел арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы қысқаша айтып берді.
Қытай делегациясының өкілдері біздің елге жасалған іссапардың мақсаттары және құс шаруашылығы саласындағы байланыстарды нығайтып, одан әрі дамыту туралы сөз қозғады.
Содан соң кездесу өзара сұрақ-жауаппен және пікірталаспен жалғасты.
Қытайлық қонақтар бұл кездесудің алғашқы жолдастық кездесу екендігін алға тартып, қазақстандық фермерлермен бірлесіп жұмыс істеу туралы нақты ұсыныстары мен сұрақтарын жазбаша жолдайтындарын айтты.
Өз тарпымыздан кытайлық инвесторлармен ауыл шаруашылығы, оның ішінде құс шаруашылығы саласында бірлесіп жұмыс істеуге әзірлігімізді білдірдік.
Кездесуді қорытындылай келе Әкпар Мәуленов аталмыш кездесудің құр бос әңгіме болып қалмауын, келешекте бірлесіп, ынтымақтастықта өзара тиімді жұмыс істеу қажеттігін алға тартып, Қауымдастық тарапынан делегация құрамындағы өкілдерге қол ұшын беруге әрдайым дайын екендігін білдірді.
Кездесу соңында өзара байланыс деректерімен алмасып, жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткіздік.