Бүгін Қауымдастықтың орталық кеңсесінде Қызылсу-Қырғыз СУАР автономиялық округінің сауда-саттыққа жәрдемдесу қауымдастығы және цитрус және басқа да дақылдарды экспорттайтын компаниялар өкілдерімен кездестік.
Қазақстан фермерлері қауымдастығының Басқарма Төрағасының бірінші орынбасар Ермек Абуов Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы әлеуеті мен екі ел арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы қысқаша баяндап берді.
Қытай делегациясының басшысы Шыңжаң Қашқар аймағы халық үкіметі төрағасының орынбасары Лай Сяоцзюнь делегация құрамымен таныстырып өтіп, біздің елге жасалған іссапардың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы байланыстарды нығайтып, оның ішінде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін көтерме сауда кәсіпорындарымен байланыс орнатып, одан әрі ынтымақтастықты дамыту туралы сөз қозғады.
Сапар барысында Қазақстанға апельсин мен мандарин экспорттап, Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттау көзделуде.
Кездесуді қорытындылай келе Ермек Абуов келешекте бірлесіп, ынтымақтастықта өзара тиімді жұмыс істеу қажеттігін алға тартып, Қауымдастық тарапынан Қызылсу-Қырғыз СУАР автономиялық округінің сауда-саттыққа жәрдемдесу қауымдастығы және цитрус және басқа да дақылдарды экспорттайтын компанияларына қол ұшын беруге әрдайым дайын екендігін білдірді.