Перейти к содержимому

Жолдауға қатысты

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының алдағы нақты бағыттарын белгіледі.

    Сол бағыттардың ауыл шаруашылығы саласына байланысты негізгілерін ерекше атап өту қажет.

    Бірінші – салық мәселесі. Бұл ретте Мемлекет басшысы «Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді» деп атап өтті. Осыған орай, жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болатынын айтты.

    Екінші – қаржы мәселесі. Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тартудың өте маңызды екендігін алға тарта отырып, Президент бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту, сондай-ақ тікелей субсидиялаудан арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу қажеттігіне тоқтала кетті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы шындыққа жанаспайтын ақпарат беру ауыл шаруашылығындағы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отырғанын, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық екендігін, ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қойып, мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керектігін атап өтті.

    Үшінші – жерді пайдаланушылардың жауапкершілігі. «Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс» деді Президент.

    Төртінші – жол мәселесі. Облысаралық және ауданаралық жолдармен жұрт өте жиі жүретіндігін ескере отырып, Мемлекет басшысы кемінде 10 мың шақырым жолды орта деңгейдегі жөндеумен қамтуды тапсырды.

    Бесінші – су мәселесі. «Көктемдегі алапат тасқыннан сабақ алып, қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе» деп атап өтті Президент.

    Алтыншы – қарапайым еңбек адамын құрметтеу. Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады және «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады» деді.

    Осы орайда, Қазақстан фермерлері қауымдастығы Жолдауда көтерілген осы аталып өткен мәселелердің маңыздылығын ескеріп, Мемлекет басшысы айтқан еліміздің, оның ішінде, ауыл шаруашылығының дамуындағы басым бағыттарды толықтай қолдайды.

    Мемлекет басшысының Үкіметке жүктеген барлық тапсырмалары орындалады деген үміттеміз және еліміздің жарқын болашағына мол сеніммен қараймыз!