Перейти к содержимому

Қазақстаннан мал әкетуге салынған тыйымның мерзімі ұзартылды

    АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара мен ұсақ малдың аналығын Қазақстаннан шығаруға салынған тыйымның мерзімін тағы алты айға ұзартпақ.

    «Қазақстан Республикасының аумағынан ірі қара мен ұсақ малдың аналық басын әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін», — деп жазылған бұйрық жобасында.

    Негізі аталған шешім 26 шілдеде өткен ведомствоаралық комиссия жиынында қабылданған болатын.

    Осыған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан аумағынан сырттан бидай әкелуге 5 айлық тыйым салу туралы бұйрық жобасын қоғам талқылауына шығарғаны туралы жаздық.

    «Қазақстан Республикасының аумағы арқылы бидайдың транзитін, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан осы одаққа мүше екінші мемлекеттің аумағына орын ауыстыруын қоспағанда Қазақстан Республикасының аумағына үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен көліктің барлық түрлерімен бидай әкелуге 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге тыйым салу енгізілсін», — деп жазылған құжатта.