АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізде жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектарды құрады. Онда бидай, күріш алқаптары қысқарып, майлы дақылдарға басымдық берілген. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты.
Президент тапсырмасына сәйкес, республика бойынша егіс алқаптарын әртараптандыру жоспарларына қол жеткізілді.
«Бидай алқабы 450,3 мың гектарға қысқарды, сондай-ақ майлы дақылдар және қант қызылшасы алқаптары сәйкесінше 608 мың және 9,4 мың гектарға ұлғайтылды. Суды көп қажет ететін дақылдар алаңы – күріш 6,9 мың гектарға, мақта 16 мың гектарға қысқарды», — деді А. Сапаров Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Мемлекет басшысы 5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін 2 есеге арттыру міндетін қойды.
Биыл Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспары шеңберінде саланың өсімін 11,6% деңгейінде қамтамасыз ету мақсаты қойылған.
«Жыл басынан бері 6 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,4%-ға ұлғайып, 1,6 трлн теңгені құрады. Бұл ретте мал шаруашылығында нақты көрсеткіш индексі 103,5%, өсімдік шаруашылығында нақты көрсеткіш индексі – 103% құраған. Жоспарланған 11,6% деңгейдегі көрсеткішке қол жеткізу егін жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында қамтамасыз етіледі», — деді Ауыл шаруашылығы министрі.