2026 жылғы 27 қарашада Қазақстан фермерлері қауымдастығының кезекті конференциясы өтті. Жиынға Қауымдастықтың облыстық, аудандық филиалдарының басшылары мен өңірлердегі ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші фермерлер қатысты.
Конференция барысында Қазақстан фермерлері қауымдастығының Басқарма Төрағасы Жигули Дайрабаев соңғы үш жылда атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша баяндама жасап, ұйымның алдағы кезеңге арналған басым міндеттерін айқындады.
Баяндамада Қауымдастықтың фермерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды нығайту, ауыл шаруашылығын жеңілдетілген қаржыландыру, техникалық жаңғырту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейту бағыттарындағы жұмыстары атап өтілді.
Атап айтқанда, Қауымдастықтың бастамасымен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің республикалық форумын өткізу туралы ұсыныс қолдау тауып, 2024 жылы Мемлекет басшысының қатысуымен алғашқы форум ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, фермерлердің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен қамтамасыз ету, мал шаруашылығын дамыту және салалық статистиканың нақтылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсыныстар мемлекеттік органдарға жеткізілді.
Соңғы үш жылда Қауымдастықтың ұсынысымен республика бойынша 476 фермер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Бұл – ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еңбегін дәріптеу бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Конференция барысында фермерлерді толғандыратын бірқатар өзекті мәселелер де кеңінен қозғалды. Атап айтқанда:
– шағын және орта шаруашылықтардың өндірген астығын тиімді бағамен өткізу мәселесі;
– отандық асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау және қазақтың ақбас, әулиекөл тұқымды ірі қара мал басын көбейту;
– мал азығы өндірісін дамыту және жайылымдық жерлерді жақсарту;
– қант қызылшасын өндірушілерге көрсетілетін қолдау көлемін арттыру;
– күнбағысты экспорттауға салынатын кедендік баж салығын алып тастау;
– шағын және орта фермерлік шаруашылықтар үшін мемлекеттік қолдау мен жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерінің қолжетімділігін арттыру.
Жиын барысында облыстық филиалдардың басшылары да сөз сөйлеп, өңірлердегі ауыл шаруашылығының жағдайы, фермерлердің ұсыныстары мен қордаланған мәселелер туралы пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ қатысушылар арасында сұрақ-жауап форматында ашық пікір алмасу өтті.
Конференцияның күн тәртібіне сәйкес Қауымдастық Басқармасының және Тексеру комиссиясының жаңа құрамын сайлау мәселелері де қаралды.
Қауымдастықтың алдағы негізгі міндеті – фермерлердің мүддесін қорғау жұмысын одан әрі күшейту, мемлекеттік қолдау шараларының нақты өндірушілерге қолжетімді болуына ықпал ету және отандық агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына үлес қосу.
Қазақстан фермерлері қауымдастығы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің үнін билікке жеткізіп қана қоймай, көтерілген мәселелердің нақты шешімін табуына ықпал етуді жалғастырады.
Фермердің дамуы – ауылдың дамуы, ал ауылдың дамуы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі!





