Статистика мәліметі бойынша 2024 жылғы қаңтар-желтоқсанда шаруашылықтың барлық санаттарында ет өндірісінің көлемі 2023 жылмен салыстырғанда (Мал мен құстың шаруашылықта сойылғаны немесе союға өткізілгені (сойыс салмақта) 4,3% өсіп, 1 168 мың тоннаны құрады. Оның 470 мың тоннасы немесе 37%-ы сиыр еті, 359 мың тоннасы немесе 31%-ы құс еті, 171 мың тоннасы немесе 15%-ы жылқы еті, 133 мың тоннасы немесе 11%-ы қой еті үлесінде.
Ет өндірісінің 58% — ы жеке қосалқы шаруашылықтар және фермерлер өндіреді. Яғни, сауда орындарын негізінен қамтамасыз ететін осылар.
Мысал ретінде, қазіргі күні шаруа-фермерлердің, жұртшылық шаруашылықтардың сиыр етінің көтерме сату бағасы 2400-2700 теңге, ал қой еті 2300-2600 тенге, жылқы еті 2200-2600 тенгеге алыпсатарларға амал жоқ өткізуде. Ал, сауда орындарында ішкі нарықта қарапайым халыққа 4500 теңгеге дейін сатылуда. Бұдан шаруа-фермерлерге келетін пайда жоқ.
Биылғы жылдың қаңтар айына дейін ет өндірісімен айналысу шаруалар үшін тиімсіз болып, шығынға батты. Сонымен қоса мал азығы, жанар-жағар май, техника қымбаттады, электр энергиясы күн санап қымбаттап жатыр. Осының салдарынан және сатып алу бағасының өзіндік құнынан төмен болуы көптеген шаруашылықтардың жабылып қалуына себеп болды.
Азық-түлік бағасының күн санап қымбаттауы тұрғындардың қалтасына салмақ түсіріп отыр және халықтың наразылығын туғызып жатқандығы жасырын емес.
Азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне құзырлы министрліктер тарапынан дұрыс бақылаудың болмауы, фермерлер өндіретін өнімдерін делдалсыз сауда орындарына жеткізе алмауы және ауыл шаруашылығы өнімін өткізу жүйесінің жетілмегендігінен осындай жағдай орын алып отыр.
Өздеріңізге мәлім, ағымдағы жылдың басында сиыр етінің көтерме сату бағасы өскеніне шаруалар қуанғаны жасырын емес. Алайда, ағымдағы жылы екі арадағы делдалдарды азайтпаса, фермерлерге де, сатып алушыларға да келетін пайда жоқ.
Мысалы, былтырғы жылға дейін шаруа-фермерлер сиыр етінің 1 кг 1600-1800 теңгеге сатқанымен, сауда орындарында ішкі нарықта бағаның түскенін байқамадық.
Сонда елімізде шаруалардың өндірген өнімдерінің сату бағасы төмендеген сайын сауда орындарында неліктен баға күн санап өсе береді деген сұрақ туындайды? Бұған нақты қай министрлік жауап беруі тиіс? Неліктен қарапайым халық зардап шегуі керек. Шаруаның басты мақсаты сапалы, көп өнім өндіріп, нарықтағы бағаға сатып, пайда табу.
Осы жерде қарапайым халыққа түсінікті болу үшін айтайын, Ауыл шаруашылығы министрлігі өндіріс көлемін арттыруға жауапты, ал сатып-лу, арадағы делдалдарды азайту Сауда және интеграция министрлігінің құзыретіне кіреді.
Ал, Сауда және интеграция министрлігі болса инфляция мен азық-түлік бағасының қарыштап өсуіне жасанды түрде қолдан жасап отыр.
Сондықтан, Сауда және интеграция министрлігі отандық тауардың делдалсыз сауда орындарына нарықтағы бағамен кедергісіз шығарылуын қамтамасыз еткен жағдайда азық-түлік қауіпсіздігін толықтай отандық өнімдермен қамтамасыз етіп қана қоймай, инфляцияның деңгейін түсіруге мүмкіншілік береді.
Бұдан халыққа келетін пайда көп. Қол жетімді бағаға отандық өнімдерді сатып алуға мүмкіншіліктері болады, ал шаруалар үшін нарықтағы бағаға өндірген өнімдерін сата алады.
Қазақстан фермерлері қауымдастығының Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Ермек Әбуов